Онлайн санақтан өтпегендер қазанның 30-ына дейін үйлерді аралайтын интервьюерлердің көмегімен шараға қатыса алады.
ERNUR.KZ. Халық санағының сауалдарына қазақстандықтардың 39,6 проценті онлайн режимде жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
«16 қазаннан бастап санақ сауалдарына онлайн режимде жауап беру функциясы тоқтатылды. 45 күн ішінде халқымыздың 40 процентке (39,6% немесе 7527458 адам) жуығы санақтан өтудің осы жолын таңдады. Ал біздің интервьюерлер 3 миллион 792 мыңнан аса адаммен сауалнама жүргізген. Осылайша, санақтан өткендер үлесі 60 процентке жетті», - дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.
Онлайн санақтан өтпегендер қазанның 30-ына дейін үйлерді аралайтын интервьюерлердің көмегімен шараға қатыса алады. Онлайн өткендер тиісті хабарламаны интервьюерлерге көрсетуге тиіс. Оларға сауалнама қайта жүргізілмейді. Санақшыларда Халық санағының логотипі бедерленген көк түсті шарф пен сөмке, планшеті және санақ қызметкері екенін растайтын куәлігі болады. Ол куәліктегі тіркеу нөмірі арқылы интервьюер туралы мәліметтерді sanaq.gov.kz сайтында тексеру мүмкіндігі бар.
Одан бөлек, 1446 нөміріне хабарласуға болады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Айта кетейік, санақтың негізгі кезеңі аяқталған соң, қарашаның 1-7 аралығында санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, бақылау аралау қарастырылған. Бұл кезеңде шамамен 10 процент респондент қамтылатын болады.