Градирня 2023 жылдың мамыр айында іске қосылды.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жылу электр желілерінің қыс мезгіліне дайындығы туралы айтып берді, деп жазады Kazinform.
«Облысымызда жылу-энергетика саласында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы сомасы 11 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен Орал қаласының жылу электр орталығынның турбоагрегат пен градирняны қайта құру және су бұру қондырғыларын жаңғырту мақсатында 2 кәріз сорғы стансасы реконструкцияланып жатыр», — деді Н. Төреғалиев Астанада орталық коммуникациялар қызметінде.
Градирня 2023 жылдың мамыр айында іске қосылды. Турбина мен 2 кәріз сорғы станциясы келесі жылы пайдалануға беріледі.
«Сонымен қатар, коммуналдық мекемелермен 2 энергетикалық қазандық, су қыздырғыш, турбиналық генератор және 5,8 шақырым жылу желісін және 4 шақырым сумен жабдықтау мен су бұру желілері күрделі жөндеуден өтті. Облыстағы электр желілерінің тозуы — 82%. Алдағы қыс мезгілінде апатты жағдайларды азайту мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам электр желісі, 300-ге жуық қосалқы станция жөнделді», — деп түсіндірді БҚО әкімі.