Оралдағы қарттар үйіндегі қариялар дабыл қақты

0
859

Қайтыс болғандардың денесі мәйітханада жатып қалуда.


Оралдағы қарттар үйіндегі қариялар дабыл қақты

ERNUR.KZ. Орал қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы даудың нүктесі қойылды. Бұған дейін әлеуметтік желіде бұрын қарттар мен мүгедектер үйі деп аталған мекеме тұрғындар видео жүктеп, қариялардың күн санап баудай түсіп жатқаны, ал мекеме басшылысының еңбек демалысына кетіп, соңғы екі медбикенің жұмыстан шығуға арыз жазғаны баяндалған болатын, деп жазады inbusiness.kz.

Осыған байланысты аймақтағы БАҚ өкілдеріне түсінік берген орталық директорының орынбасары Қаршыға Нұрмашевтың айтуынша, карантин кезінде қарт кісілердің өмірден өтуіне тек қана короновирус инфекциясы себепкер емес. Олардың барлығы дерлік – қандай да бір созылмалы дерті бар науқас ретінде тіркеліп тұрған. Бұдан бөлек, орталық пен жерлеу рәсімін өткізетін «Ритуал» мекемесінің арасында екі келісім-шарт болғанмен, шілде айында ол жердегі жерлеу қызметі уақытында атқарылмай, қайтыс болғандардың денесі орталық мәйітханасында жатып қалған.


«Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 489 адам тұрып жатыр. Өкінішке қарай, 13-19 шілде аралығында 18 тұрғынға уақыт болды. Қазір қатаң карантин жариялап отырмыз. Орталықтың бас дәрігері өткен аптада өз еркімен қызметтен кетті. Орнына басқа маман алып жатырмыз. Бүгінде бізге №4 қалалық емхананың дәрігерлері мен эпидемиологтары көмектесіп отыр», – дейді Қаршыға Нұрмашев.


Ал короновирус инфекциясымен орталықта екі адам ауырған. Олардың біреуі қайтыс болып, екіншісі Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. Мекемедегі аға медбикенің міндетін атқарушы Майра Жазитова бұған дейін осында жатқан қарт кісілердің түгел ПЦР-тестілеуден өткенін, жақын арада екінші қайтара өтетіндерін айтады.

Сондай-ақ, бейнебаяндағы екі медициналық қызметкердің қиын-қыстау кезде жұмыстан шығып кеткені рас болып шықты. Дегенмен, әріптестері оларды кіналаудан аулақ. Карантин кезі орталық қызметкерлерінің жүйкесіне кәдімгідей салмақ түсірген. Оның үстіне, мекемеде жатқан егде жастағы жандарды күтіп-бағу да кез-келгеннің қолынан келе бермейді екен. Тағы белгілі болғаны, орталық қазірде дәрі-дәрмекпен және қорғаныш құралдарымен жеткілікті қамтылғанмен, медиктер аса тапшылық етіп тұр екен. Орал қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Әнуарбек Қабышев ресми түрде 2 шілдеден бастап заңды еңбек демалысына шыққан көрінеді. Алайда, оны жұмысқа кері шақырып алу жөнінде шешім қабылданған.