Құдалар елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарғаннан кейін көріспек.
ERNUR.KZ. Оралда келін, Оңтүстік Кореядағы күйеу мен Көкшетаудағы ата-ана. Міне осындай жағдайда қазақстандықтан zoom-платформасы арқылы той жасады, деп жазады ҚазАқпарат.
Дүйсеновтар отбасында үш бала бар. Екі ұл мен Қорлан атты бір қыз бар. Қорланды бүкіл қазақы дәстүрмен ұзату жоспарланған еді. Думанды жиын мен той көйлегін бойжеткеннің өзі де аңсаған болатын. Тойдың өтетінін өткен жылы жоспарлап қойып, тіпті тойханамен де келісілген. Артынша той шілдеге шегеріліпті. Ақыры елдегі ахуалға байланысты той өтпей қалған.
«Көйлекті астанадан алдырдым. Бәрі дайын еді. Алайда пандемияға байланысты тойды өткізбеу туралы шешім қабылданды», - дейді Қорлан Дүйсенова.
Той 17 шілдеде өтуі тиіс еді. Мейрамханаға алдын ала төлем жүргізіліп қойған. Қонақтар да алдын ала шақырылған. Шамамен 180-200 адамның келетіні жоспарланған. Әйтсе де той ең жақын туған-туыстың қатысуымен өткізіліп отыр.
Пандемия бүкіл жоспарды бұзғанымен той өткізуге кедергі келтіре алмапты. Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Оңтүстік Корея – ел іші мен шетелдегі қонақтың барлығы zoom-платформасы арқылы жастарды құттықтады.
«Күйеу баламен интернет арқылы танысқанбыз. Той бағдарламасын бәріне WhatsApp арқылы жолдадық. Асаба онлайн-тойды тұңғыш рет өткізсе де бірден алып кетті. Бәрі керемет болды», - дейді Қорланның анасы Нұргүл Қазимова.
Қорланның ата-анасы бәрі де қазақы жолмен өтуі керектігін қалапты.
«Құда түсу, сырға салу... Ізінше бәріміз де ортақ ойға келген жөн деп шештік. Онлайн тойға бәрі келісті. Әу баста онлайн-той туралы әзілдесе әңгіме айтатын едік. Бірақ кейін шынында да оны өткізуге болатынын білдік. Сырғаны алдын ала жолдады. Жеңгелерім дәстүрге сай бөлмеме кіріп, сырғамды тағып берді», - дейді Қорлан Дүйсенова.
Нұргүл Қазимова құдалар тарапынан да қарсылық болмағанын айтады.
«Басында тәуекелге барып қайтеміз деп ойлаған едік. Құдаларымыз Көкшетаудан келуі керек еді. Пойызбен көп адамның келетіні жоспарланған. Онлайн өткізу туралы ұсынысқа олар да келісе кетті», - дейді ол.
Күйеу бала Көкшетаудан екен. Әкесі құдаларын бірінші рет онлайн көріп отыр. Салт бойынша жастардың үй болу туралы талап-тілегін орындауды сұрайды. Жастар Назарбаев Университетінде танысыпты. Ондағы оқуды аяқтағаннан кейін әлемнің екі елінде оқуларын жалғастырыпты. Қорлан Америкада болса, жолдасы Оңтүстік Кореяда.
Қорланның айтуынша күйеуінің елге келуге мүмкіндігі болған. Бірақ Оңтүстік Кореядан шыққанға дейін, шыққаннан кейін екі рет ПТР-тест тапсырып, 14 күндік карантинге жатқызылатындықтан уақыт өтіп кетеді.
«Әуежайлар қауіпті болып тұр. Сол себепті тәуекелге бармаған жөн деп шештік», - деді Қорлан.
Бір айдан кейін Қорлан Оңтүстік Кореяға барады. Ол химия ғылымдарының докторы дәрежесін алуды көздейді екен. Сондағы елшілікте жастар некені тіркеуді жоспарлап отыр. Ал құдаласқан құдалар елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарғаннан кейін көріспек.