ОСК президент сайлауын өткізуге 12 млрд теңге сұрады

0
1 029

Сұралған соманың 70%-ы сайлау окургтерінде жұмыс істеуге тартылған тұлғалардың жалақысына бөлінеді.


ОСК президент сайлауын өткізуге 12 млрд теңге сұрады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов Парламент Сенатының кулуарында кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 12 млрд теңге қажет болуы мүмкін екенін айтты, деп жазады baq.kz.

«Бүгінде резерв қалдығы – 51 млрд теңге. Бүгінде сайлау үшін Орталық Сайлау комиссиясы 12 млрд теңге бөлу жөнінде өтінішхат енгізді. Есептеулерді бағалау, негізділігін тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысын хабарлаймыз. Сома қысқаратын шығар. Сұралған соманың 70%-ы сайлау окургтерінде жұмыс істеуге тартылған тұлғалардың жалақысына бөлінеді. Олардың саны қанша екенін айта алмаймын. Егер барлық есептеулер ұсынылатын болса, біз екі күннің ішінде талдау жасап, қорытынды береміз», - деп айтты Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, былтыр бюджеттен 2020 жылы өтетін президент сайлауына 8,8 млрд теңге бөлінген. 2019 жылы 1 қаңтарда ең төменгі жалақы мөлшері көбейген соң, аталған сома көбейіп отыр.

Осыған дейін әрбір президенттікке кандидатқа сайлауалды жұмыстар үшін 7,5 млн теңге бөлінетіні хабарланған болатын. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуір күні 18.00-де аяқталады.

Сонымен қатар, президенттікке үміткерлер төлеуі тиіс сайлау жарнасы 2 млн 125 мың теңгені құрайды. Президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталған күннің ертеңіне, яғни 11 мамыр күні үгіт-насихат жұмыстары басталады.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарды нақтылап, Қазақстан президенттігіне кандидаттардың кем дегенде 114 мың қол жинауы қажет екенін айтқан болатын.