Қазақ әдебиетінің классигі туралы көркем фильмнің режиссері — Болат Қалымбетов.
ERNUR.KZ. «Қазақфильм» киностудиясы Өскеменде Мұқағали Мақатев туралы фильм түсіріп жатыр. Бұл ақпаратты Өскемен қаласының әкімдігі растады, деп жазады ҚазАқпарат.
Дәлірек айтсақ, түсірілім жұмыстары көктемде басталған болатын. Одан кейін Санкт-Петербор, Алматы шаһарларында жалғасты. Қазақ әдебиетінің классигі туралы көркем фильмнің режиссері — Болат Қалымбетов. Оның айтуынша, жаңа кинокартинада ақын өмірінің соңғы жылдары айшықталмақ. Ал Өскеменнің Стаханов, Металлург сынды көшелеріндегі ескі үйлер сол кездерге сай келетін көрінеді. Мамандар күзгі көріністерді түсіріп алу үшін шығыс шаһарына қайта ат басын бұрып отыр.
Осыған байланысты қаладағы трамвайлар уақытша тоқтатылғанын айта кетейік. Тұрғындар үшін аздаған келеңсіздік туындағанымен, көлік компаниясы жолаушыларға жағдайды түсіндіре алды. Рельс 30 минуттан күніне үш рет жабылған екен.
– Қаламызда Мұқағали Мақатаев туралы фильмнің біраз бөлігі түсірілді. Түсірілді дейтініміз, бүгінмен аяқталып отыр. Естеріңізде болса, көктемде де түсірілім жұмыстары жүргізілген еді... Осыған байланысты жол 30 минуттан үш мәрте жабылды. Енді болды. Келеңсіздік қайталанбайды, – деді «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС-ның басшысы Михаил Чайка.