Отандық кәсіпкер гимнасттарға костюм тігуді қолға алды

0
1 605

Іскер әйел гимнаст қызына костюм таба алмай, оны өзі тіге бастады.


Отандық кәсіпкер гимнасттарға костюм тігуді қолға алды

сурет: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Петропавлда ерекше кәсіпкерлік ашылды, деп жазады 24.kz.

Динара Өмірзақова шағын шеберхана ашып, эксклюзивті гимнаст костюмдерін тіге бастады. Дизайнерлердің спорттық киім үлгілері бір-біріне ұқсамайды. Осындай бір спорттық киімге 2 жарым мыңдай әйнек жапсырылады.

«Бизнес бастама қажеттіліктен туды», – дейді Динара Өмірзақова.

Іскер әйел гимнаст қызына костюм таба алмай, оны өзі тіге бастады.

Динара Өмірзақова, кәсіпкер:

– Мен әр гимнастың ел атын абыроймен алып жүргенін қалаймын. Олар «Қазақстанда жасалған» киімімен мақтанады. Ол да маңызды. Осылайша, біз спортшыларға қолдау білдіреміз.

Ислана Қазбек, гимнаст:

– Маған әйнектері ұнайды. Олар күннің көзі секілді жарқырап тұрады. Петропавлда көркем гимнастикамен 400-дей қыз шұғылданады. Бұл – қымбат спорт түрлерінің бірі. «Өнер мен киген киімі бір-біріне лайық болуы керек», – дейді жаттықтырушылар.

Анна Тюменова, көркем гимнастикадан жаттықтырушы:

– Жарыста спортшының киім үлгісіне көп көңіл бөлінеді. Қыз баласы әдемілікке құмар. Сондықтан сырт келбеті оның бойына сенімділік ұялатады.

Шеберхана ашылғалы 60 костюм тігіліп, Қазақстан бойынша сатылды. Енді іскер келіншек кәсібін кеңейтіп, жұмысқа мүмкіндігі шектеулі жандарды алуды көздеп отыр.