Отбасы банктің салымшылары үшін мемлекеттік сыйлықақы өседі

0
567

Отбасы банк салымшылары алатын ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы 116 680 теңгеге тең болады.


Отбасы банктің салымшылары үшін мемлекеттік сыйлықақы өседі

"Отбасы банк" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) жыл сайын салымшыларына 20% көлемінде мемлекеттік сыйлықақы тағайындайтынын білеміз. Егер салымшы бір жыл ішінде жинағына 200 айлық есептік көрсеткішке тең сома (1 АЕК биылғы жылы 2 917 теңге) немесе 583 400 теңге салса, онда 2021 жылдың қорытындысы бойынша ол ең жоғарғы сыйлықақы – 116 680 теңге ала алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Егер сіздің жинағыңыз болмаса, 20% көлеміндегі мемлекеттік бонусты алу үшін биылғы 31-ші желтоқсанға дейін жаңадан шот ашып, оған қаражат салуыңыз керек.

"Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банктің депозиттік қоры жыл сайын артып келеді және бұл халықтың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген сенімін айғақтайды. - Соңғы 3 жылда қор 624,2 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін өсті. Депозиттер санының көбеюі мен олардағы жинақ сомасының ұлғаюы төленетін мемлекеттік сыйлықақы көлемін де арттырып жатыр. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 490 876 салымшыға 50,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік сыйлықақы төленді, - деді ол.

Заң бойынша банк салымшыларына берілетін сыйлықақыны төлеу міндеті мемлекетке жүктеледі. Сәйкесінше мемлекет өз азаматтарына баспана алуға тезірек ақша жинауға көмектеседі.

Одан бөлек банктің 2% көлеміндегі жылдық сыйақысы бар, нәтижесінде Отбасы банк депозиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға дейін баратын жоғары табыстылыққа ие.

Тағы бір ескеретіні, мемлекет тарапынан сыйлықақы берілген сомаға мемлекет сыйлықақысы түспейді, яғни ол жыл сайын бір жыл ішінде жиналған жаңа салымдар мен алдыңғы жылы сыйлықақы есептелмеген сомаға қосылады. Егер алдыңғы жылғы депозитке салынған сома 200 АЕК-тен жоғары болса, онда қалған салым сомасына осы жылдың қорытындысы бойынша сыйлықақы түседі.

Егер салымшының банкте бірнеше депозиті болса, онда мемлекет сыйлықақысы солардың тек біреуіне ғана есептеледі.

Осы орайда, Отбасы банкінің "Отбасылық пакеті" аясында депозит ашқан аса тиімді екенін атап өткен жөн. Яғни, салымшы отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашса, сыйлықақы олардың әрқайсысына түседі. Сөйтіп, қажетті соманы тезірек жинауға мүмкіндік алады.

Банк салымшысы жылжымайтын мүлік сатып алғысы келсе, бір отбасының барлық шоттарын біріктіріп, несие алуына болады. Бүгінгі күні қазақстандықтар үшін ең қолжетімді несие түрі – тұрғын үй займы. Ол 3 жылдан кем емес уақыт бойы, шоттағы тұрғын үй құнының кемінде 50% жинақталған сомасына беріледі. Клиент соманың қалған 50%-ын жылына 3,5%-дан 5%-ға дейін (ЖТСМ 3,6%-дан) рәсімдей алады.

Ескеру керек, салымшы депозитте 3 жылдан аз уақыт қаражат жинап, оның шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайда мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады. Мемлекеттік сыйлықақы тек ҚР азаматтарына төленеді.