Өткен жылы елімізде қой санының ең жоғары өсімі тіркелді - АШМ

0
718

2020 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлінген.


Өткен жылы елімізде қой санының ең жоғары өсімі тіркелді - АШМ

ERNUR.KZ. 2020 жылы елімізде қой саны бір жылда 837 мыңға өсті. Бұл туралы Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбындағы конференцияда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«2020 жылдың қорытындылары бойынша үйлесімді жұмыс пен уақтылы қабылданған шаралардың арқасында агроөнеркәсіптік кешен саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң өсу серпіні байқалады. 2020 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылдың деңгейімен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемінің 35 пайызға артқанын көрсетеді. Нәтижесінде 2020 жылы қой саны 17,7 млн басқа жетіп, оның ішінде кәсіпорындар мен фермер қожалықтарында 8,4 млн бас, жұртшылық шаруашылықтарында 9,2 млн басты құрап отыр. 2020 жыл бойынша жылдық қой басының ең жоғарғы өсімі тіркелді. Яғни 1 жылда 837 мың басқа өсті», - деді министр.

Оның атап өтуінше, асыл тұқымды қойдың үлесі 16,1 пайызға немесе 2,8 млн басқа жетті. 300 мың бас асыл тұқымды қой сатылды. Ал бұл өз кезегінде селекциялық жұмыстың дамуына үлесін тигізіп отыр.

«Жалпы агроөнеркәсіптік кешенін, соның ішінде қой шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың тетіктері ретінде жеке тоқтала кететін мәселе, ол - ғылыммен қамтамасыз ету. Бұл қолдау мемлекет тарапынан ғылыми жұмыстарды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Соңғы 3 жыл аралығында Қазақ мал шаруашылығы және азықтандыру ғылыми-зерттеу институты жүргізген ғылыми жұмыстар нәтижесінде қой шаруашылығында республиканың әр өңірінде 20 модельдік ферма құрылып, олар заманауи техникалармен жабдықталып, қой өсіру мен жайылымдарды қолдануда жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып, фермерлер мен студенттерді оқыту базасы ролдерін атқарып отыр. Бұл іс-шараларға бюджеттен 735,6 млн теңге берілді», - деді Сапархан Омаров.

Сонымен қатар минитр ғылыми қамтамасыз ету нәтижесінде қой шаруашылығы селекциясы мен күтіп-бағу технологияларын жетілдіру бағытында ғылыми жұмыстар атқарылғанын, асыл тұқымды қойлардың ұрықтары мен эмбриондарын алу, сақтау процестері жетілдірілгенін айтты.

«Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеттің ғалымдарының қатысуымен жайылымдарға ғарыштық мониторинг жүргізу, құнарлығын анықтап оларды жақсарту әдістемелері дайындалды. Бұл өз кезегінде қой шаруашылығына оң әсерін тигізетіні анық», - деді ол.