"Өз қалтасынан төлеуін қолдаймын": Бекшин жалған құжат алғандарды қайта вакциналау туралы айтты

0
367

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы жалған құжат сатып алғандар қазір вакцина салдыра алмайтынын айтты.


ERNUR.KZ. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин вакцина құжатын қолдан жасатқандар қазір вакцина салдыра алмайтынын мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.

Сонымен қатар, Бекшин бастапқыда вакцина құжатын қолдан жасатып, кейіннен коронавирусқа қарсы вакцина салдырғысы келетін адамдарға қатысты ұсыныс айтты.

"Вакцина алмай, құжатын жасатқан адамдар вакцина салдырғысы келсе, өз қалтасынан төлеуін қолдаймын. Себебі кезінде вакцинаны пайдаланбай, үкіметке де, қоғамға да зиян әкелді. Көп жағдайда ол вакцинаны төгіп отырған", - деді Жандарбек Бекшин.

Ал Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мұндай адамдардың қазір вакцина салдыра алмайтынын айтты.

"Денсаулық сақтау министрлігінде вакцина салдырғаны туралы құжат жасатқан адамдарға рақымшылық жасау қаралып жатыр. Олар мемлекет қаржысына екі есе зиян келтіріп отыр. Сондықтан оған жеңіл қарауға болмайды. "Қателік жасаған екенмін, вакцина алайын деп едім" десе, оларға вакцина салуға болмайды. Себебі базада олар вакцина алған деп көрсетіліп тұр", - деді Табынбаев.

Алматыда 16 тамызға дейін 817 196 адам вакцинаның бірінші компонентін, 643 514 адам екінші компонентін салдырды.