"Өз құқықтарын білсе, көмек көрсетілер еді": Министр 6 ай комада жатқан Ербаян Мұхтардың ата-анасы не себепті ақша жинағанын айтты

0
206

Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткен.


ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова 6 ай комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың еміне не үшін ақша жинағанын айтты, деп жазады stan.kz.

Үкімет отырысында Дүйсенова Ербаянға мемлекет көмек көрсетер еді дейді. Оның сөзінше, сарбаздың ата-анасы ештеңе сұрамады.

"Олар дұрыс ақпараттанбаған. Ата-ана өз құқықтарын, мемлекеттік қолдаудың қандай түрлерін алу керегін білмеді. Егер өз құқықтарын білсе, бірден көмек көрсетілер еді", – деді Дүйсенова.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сарбазға дәрігерлердің қандай көмек көрсеткенін айтты.

"Науқасқа ота жасалды. Отадан кейінгі кезеңде 26 күн оңалту шаралары жасалды. Тиісті ұсыныстармен науқас үйіне шығарылды. Қазір оған қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқас өкілдеріне хабарластық, анасын оңалтуға жолдама дайындады", – деді Ақмарал Әлназарова.

Ол Мұхтарға еліміздегі қажет медициналық көмектің барлығы тегін көрсетілетінін баса айтты. Бірақ шетелдегі оңалтуға жәбірленушінің отбасы өзі төлейді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Содан кейін бас әскери прокуратура Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Жақында оның ауруханадан шығарылғаны айтылды.

Сондай-ақ сарбаздың ата-анасы Ербаянға өз бетімен қарауға мәжбүр болып, қазақстандықтар зардап шеккен азаматтың емделуіне 218 миллион теңге жинап берген еді.