17 жастағы Сәкен Тәліпов Қазақстанға былтыр күзде, осында бірнеше жылдан бері тұратын анасының қасына көшіп келген.
ERNUR.KZ. Өзбекстанның Алматыдағы бас консулдығы «қаңтар оқиғасына» байланысты қамауға алынған өзбек азаматы Сәкен Тәліповке байланысты Қазақстанға нота жолданғанын мәлімдеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі де мұны растады, деп жазады azattyq.org.
17 жастағы Сәкен Тәліпов Қазақстанға былтыр күзде, осында бірнеше жылдан бері тұратын анасының қасына көшіп келген. Кәмелетке толмағандықтан азаматтық алып үлгермеген. Анасымен бірге Алматыдағы тұрғын үй кешенінің бірінде күзетші болып жұмыс істейді. Туыстарының айтуынша, ол 4 қаңтарда «Алматы аренадағы» бейбіт жиынға барған. Көпшілікпен бірге әкімдікке дейін жеткен. Сол жерде жатқан полиция қалқаны мен дубинкасын алғаны камераға түсіп, ақпанның басында қамауға алынған.
Сәкеннің анасы Кәмшат Дербісәлиева ұлы қаланы дұрыс білмейтінін, шеруге қасындағы досы ертіп барғанын айтады.
Сәкен Тәліповтың үстінен «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және «төтенше жағдай кезінде құқық қорғау орган қызметкерінің өміріне қауіп төндіру» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Бірақ адвокаты екінші іс бойынша ешқандай дәлел жоқ дейді. Оның сөзінше, тергеу материалддарында тек Сәкеннің алаңда жүрген видеосы бар.
Қазір ол сот шешімімен екі айға қамауға алынған. Сот «Күдікті анасын тыңдамай, Өзбекстанға қашып кетуі мүмкін» деп, адвокаттың бұлтартпау шарасын үйқамаққа алмастыру жөнінде өтінішін қанағаттандырмаған. Анасы «балам менсіз шекарадан өте алмайды, сот күдігі қисынға келмейді» дейді. Сөзінше, баласы тергеуден шыққанда денсаулығы нашарлағанын байқаған. Оны абақтыда азаптап жатыр ма деп қорқады.
Қаңтар оқиғаларына байланысты Қазақстанда оннан астам шетел азаматы ұсталған. Екі қырғыз, бір өзбек азаматы қайтыс болды. Билік қаңтардың басынан бері дүрбелеңге «сыртқы күштерді» айыптап келеді. Олар Орталық Азия елдерінің бірінен келгенін айтады. Бірақ нақты айғақ келтірмейді. Бұған дейін «бүлікші» ретінде аталған екі қырғыз азаматы үшін Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдап, азаматтарын елге қайтарған.