Өзбекстан Қазақстанға 4 млрд текше метрге жуық су жіберді

0
346

Суару кезеңінің соңына дейін Өзбекстан Қазақстанға тағы 1 млрд текше метр су жібереді деп күтілуде.


Өзбекстан Қазақстанға 4 млрд текше метрге жуық су жіберді

1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы Қазақстанға 3,9 млрд текше метр су жіберді. Осыған дейін көрші елмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы келісілген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Суару кезеңінің соңына дейін Өзбекстан Қазақстанға тағы 1 млрд текше метр су жібереді деп күтілуде. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 2,6 млрд текше метр су бар,бұл өткен жылмен салыстырғанда 689 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 3,9 млрд текше метр су келді.

Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 3,6 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 950 млн текше метрге артық. Қызылқұм каналына 700 млн текше метр су, ал 400 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.

«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.