Өзбекстан Қазақстаннан 5 млн тоннаға дейін мұнай алуға ниетті

0
1 194

2018 жылы Қазақстаннан Өзбекстанға 260 мың тоннадан астам мұнай жеткізілген


Өзбекстан Қазақстаннан 5 млн тоннаға дейін мұнай алуға ниетті

ERNUR.KZ. Өзбекстан Қазақстаннан 5 млн тоннаға дейін мұнай алуға ниетті. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде "Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы талқыланған болатын. Осы мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған вице-министрдің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары мұнай-газ саласындағы әлеуетті айтарлықтай дамытты. Бүгінгі таңда мұнай мен газ жеткізу секторындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды.

"Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі арасында энергетика саласы бойынша негзідемелік келісімге қол қойылды. Осы келісімнің негізінде екі ел арасындағы мұнай-газ, мұнай-газ-химия және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық дамитын болады. Сонымен қатар достығы жарасқан көрші мемлекеттердің ынтымақтастығы артуы үшін географиялық жағдайлар да ескерілді", - деді ол.

Оның айтуынша, аталған келісімді ратификациялау біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, еліміздің мұнай экспортын ұлғайту үшін Өзбекстанға шикі мұнай жеткізіледі. Екіншіден қысқы-күзгі кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлерін табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі шешеді. Сондай-ақ өзбек елінің газ-көлік жүйесін пайдалану арқылы оңтүстік аймақтағы газ қауіпсіздігін дамытуға ықпал жасалады. Үшіншіден мұнай-газ-химия жобалары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік ашылады.

"Бүгінгі таңда Өзбекстанның мұнайға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам мұнай жеткізілді. Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Шағыр стансасында темір жол цистерналарын ауыстырып тиеу арқылы Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбыры бойынша жеткізіледі. Жалпы айтқанда, Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан 2 млн, Ресейден 3 млн тонна сатып алуға мүдделі. Бірақ, соңғы кездері өзбек тарапы 5 млн тоннаны да бізден алуы мүмкін екендігін білдіріп отыр", - деді вице-министр.