Пандемия кезінде Қызылордада балық экспорты артқан

0
2 808

​Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдері 17 елге тасымалданыпты.


Пандемия кезінде Қызылордада балық экспорты артқан

ERNUR.KZ. Індетте іргесі сөгілмей, кәсібі тоқтамаған бір сала – ол балық шаруашылығы. Пандемияның ушыққан кезеңінің өзінде балық өнімдерінің экспорт көлемі ұлғайды, деп жазады inbusiness.kz.

Сыр елінің балығы берісі Ресей әрісі Германия, Польша, Грузия, Литва, Қытай, Нидерланды, Чехия, Беларусьта сұранысқа ие. Былтыр өңірдегі еурокоды бар 4 зауыт осы елдерге 4,5 мың тоннаға жуық балықтың өңделген еті мен сүбесін жіберген. Сырдария өзені мен кіші Арал теңізінде балық қоры артып келеді. Ал, мемлекеттік қолдаудың арқасында тауарлы балық өсіретін аграрлық құрылымдар шаруашылықтарын ширатып келеді.

«Өткен жылы Қызылорда облысында 8760,2 тонна балық ауланса, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық, балық өсіру шаруашылықтарымен 155 тонна тауарлы балық өсірілді. Балық өнімдерін өндіру және сату көлемін арттыру үшін балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай тауарлы балық өндірісін 160 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдері 17 елге тасымалданыпты.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді, Бүгінде қызылордалық аграршылардың өнімдері Ресейде, Тәжікстанда, Украинада, Әзірбайжанда, Қырғызстанда, Беларусь елінде, Өзбекстанда, Польшада, Литвада, Моңғолияда, Қытайда, Ауғанстанда, Иракта, Германияда, Түркіменстанда, Грузияда, Чехияда сатылуда», – дейді басқарма басшысы.

Ал өңірге аса қажет емес өнімдерге шетелдерден көп сұраныстар түсіп жатыр екен.

«Мәселен, күріш қауызы немесе қамыс. Еуропада қауызды консерві мен шоколад өндірісіне қолданса, қамысты шатыр жабындыларына, құрылыс материалы ретінде өңдеп кәдеге жаратады. Немесе, көксерке сүбесі, оның пайдалы диеталық өнім екенін ең алғаш еуропалықтар қолдана бастаған», - дейді Ш.Қойшыбаев.

Былтыр Қызылорда облысының аграрлық секторын мемлекеттік қолдауға 14,8 миллиард теңге бөлінген. Қаражат өсімдік, мал, тауарлы балық шаруашылығын субсидиялауға арналды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырған 206,8 пайызға артқанын көрсетеді. Сондай-ақ, былтырғы ауыл, орман және балық шаруашылықтарының жалпы өнім көлемі 142,6 млрд теңгені құраған.