50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде пара алу қазіргідей орташа ауыр емес, ауыр қылмыс болып есептеледі.
ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің Әкімшілік-құқықтық департаменті директоры Айгүл Базарбаеваның жемқорлыққа қарсы заңнамалық шараларды күшейту туралы брифингте осылай деп мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіптің кепілі ретінде қарастырылады. Олардың сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жазасының барынша қатаң болуы заңға шарт. Енді оларға бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін санкциялар заңмен күшейтілді. Жазаны қатаңдату жөніндегі аса маңызды заңнамалық түзетулердің бірі ҚК-нің 366-бабы, пара алуға қатысты. Енді санкциялардың градациясы тек пара мөлшеріне байланысты болады. Сонымен қатар бас бостандығынан айыру түріндегі санкция 5 жылдан 6 жылға дейін үзартылды», – деді спикер.
Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның 50 АЕК-тен кем пара алуы, қазіргідей орташа ауыр емес, ауыр қылмыс болып саналады.
Мұндай қылмыс жасалған жағдайда полицейге, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе экономикалық тергеу қызметінің қызметкеріне бұрынғыдай 2 жыл емес, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
«Ал аталған құқық қорғау органдарының бірінші басшыларының, олардың орынбасарларының, сондай-ақ судьялардың өкілеттіктерін теріс пайдалануы үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғаяды», – деді Айгүл Базарбаева.