Парламент әскери арсеналдар мен базаларға қатысты заңды қабылдады

0
768

Әскери базалар мен қоймалар жанына құрылыс жүргізуге тыйым салынады.


Парламент әскери арсеналдар мен базаларға қатысты заңды қабылдады

ERNUR.KZ. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде орын алатын табиғи құбылыстар мен техногендік апаттардан азаматтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін жақсы білесіздер. Құжатты дайындауға бастамашы болған Парламент депутаттары жұмыс барысында оқ-дәрілерді сақтау арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды, аудандарды белгілеу мәселелерінде бірталай кемшіліктер мен проблемалар орын алатынына көз жеткізді. Ол олқылықтар әсіресе Арыс қаласындағы болған белгілі оқиға барысында көрініс тапты», - деп тоқталды Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

Бұл мәселелерді шешу үшін Жер кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы күштері туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға түзету енгізу ескерілген.

Түзетулерді қабылдау қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрілер арсеналдары, базалары мен қоймаларға тиесілі мемлекеттік органдармен тыйым салынған аймақ пен тыйым салынған аудан аумағының белгіленген шекараларын міндетті түрде жергілікті атқарушы органдармен келісім жасай отырып, орналасқан жерін белгілеу тетігін кешенді шешуге мүмкіндік береді.

«Заң жобасын қабылдау елімізге оң құқықтық және әлеуметтік-экономикалық әсер етуі болжанады , өйткені оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше оқиға туындауы ықтимал болған жағдайда - тұрғындарды, азаматтық және басқа да инфрақұрылымның қорғалуын қамтамасыз етеді», - деді сенатор.