Пәтеріңізде сіз білмейтін адамдар тіркеуде тұрса не істеу керек

0
1 401

Баспана алушылар көп жағдайда пәтерде кімдер тіркелгенін білмей қалады


Пәтеріңізде сіз білмейтін адамдар тіркеуде тұрса не істеу керек

ERNUR.KZ. ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенбаева адамдар саны шамадан тыс тіркелетін пәтерлер мәселесі бойынша түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Атап айтқанда, «электронды үй кітапшасы» осындай пәтерлерді қалай анықтайды? Меморгандар бірлесе отырып, аталған электронды жүйені құрды. Жеке азаматтардың мемлекеттік мәліметтер базасында 18 миллион адам қамтылған. Бүгінде біздің электронды кітапшаға 8,7 миллион адам енді. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр, осы орайда қарашаның соңына қарай оны 11 миллионға дейін толтыруды жоспарлаудамыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.

Айта кетейік, жақында елімізде «электронды үй кітапшасы» қолданысқа енді. Әрбір азамат тіркелгені туралы мәліметтерді, ал тұрғын үй иесі өз мекенжайында тіркелген барлық адамдар туралы ақпаратты ХҚКО немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы ала алады.

«2011 жылы тіркеу кітапшасынан бас тартқаннан кейін, көбісі баспана алған кезде пәтерде кімдер тіркелгенін білмейтін. Бүгінде тиісті мүмкіндіктер арқылы анықтаманы «электронды үкімет» порталы немесе ХҚКО арқылы алуға болады. Тұрғын үйде тұрмайтын бейтаныс адамдардың пәтерде қалай тіркелгендігі туралы баспана иелері сұрап жатады. Бұл мәселені шешу үшін халыққа қызмет көрсету орталығы көмегіне жүгінген жөн»,- деді Г. Сәрсенбаева.

Осы орайда, ол көші-қон қызметі өкілдері мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы қызметкерлерімен бірлесе оларды тіркеуден шығара алатынын атап өтті. Белгілі болғандай, бүгінде Астанада адамдар шамадан тыс көп тіркелген 50-ге тарта пәтер анықталған. Мұнымен қоса комитет өкілі қайтыс болған және баспананың бұрынғы иелерін тіркеуден шығаруға қатысты түсінік берді.

«Бұл өзекті мәселе болып тұр. Біз өзіміз тарапымыздан көрсетілетін қызметтерді автоматтандырып жатырмыз, оның ішінде тіркеуден шығару шаралары да бар. Сондықтан азаматтардың аталған санатын жүйе арқылы тіркеуден автоматты түрде шығару бағытында жұмыс істеудеміз. Таяу күндері осы мәселенің шешімі жасалады. Яғни, пәтер иесі өзінің үйінде бейтаныс біреудің тіркеуде тұрғанына және бұл жайында білмегендігінде ешқандай кінәсі жоқ. Сондықтан ХҚКО және көші-қон қызметі өкілдерінің жұмыстары пысықталып, азаматтардың бұл санатын тіркеуден шығару тәртібі түсіндіріледі» - деді Галина Сәрсенбаева.