Павлодар облысында құтырма ауруына қатысты 15 жағдай тіркелді

0
456

Оның тоғызы бойынша жағдай расталды.


Павлодар облысында құтырма ауруына қатысты 15 жағдай тіркелді

ERNUR.KZ. Павлодар облысында құтырма ауруына шалдықты деген күдікпен 15 жағдай тіркелді, деп жазады Рavlodarnews.kz.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн форматта өткізген баспасөз конференциясында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Павлодар облысының аумақтық инспекциясының басшысы Рашид Нұрбеков мәлім етті.

«Бүгінгі күні бес жағдайда теріс нәтиже алынды, бір материал бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Инфекцияның негізгі көзі – түлкілер мен қарсақтар. Өңірде құтырма ауруы адамға жұққан фактілері тіркелмеген», - деді Рашид Нұрбеков.

Оның айтуынша, 23-25 мамыр аралығында аймақта құс тұмауы вирусының бар-жоғын анықтау мақсатында диагностикалық зерттеулер үшін құстарды алып, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлттық ветеринария референттік орталығының қызметкерлерімен бірге жабайы фаунада мониторинг жүргізілді.

Бірінші жартыжылдықта 7 аса қауіпті инфекция – бруцеллез, лейкоз, инфекциялық эпидидимит, пастереллез, қарасан, сібір жарасы және құтыру бойынша диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған.

«Ағымдағы жылдың 5 айында ветеринариялық-санитариялық инспекторлар бекеттерде 8433,1 тонна бақылаудағы өнімді және 15625 бас ауыл шаруашылығы жануарын тасымалдаған 1222 автокөлікті тексерді. Бұл ретте, бақылаудағы жүктерді тасымалдау қағидаларының 11 бұзушылығы анықталды. 4 жағдайда жүк тасымалдаушының кінәсінен белгіленген бұзушылықтар үшін 117 мың теңге сомасына айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды», - деп атап өтті спикер.

Естеріңізге сала кетсек, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2021 жылдың 5 айында 14 аса қауіпті ауруға қарсы 2 миллионнан астам манипуляция жүргізу жоспарланған.