Павлодар облысында Қырғызстанның екі азаматы үсіп қала жаздады

0
2 171

​Полицейлерге алғыс білдірген ер адам жүкті уақытында жеткізу керек болғандықтан, жолға шыққанын айтады.


Павлодар облысында Қырғызстанның екі азаматы үсіп қала жаздады

ERNUR.KZ. Павлодар облысының полицейлері қырғыздың екі жүргізушісін құтқарды. Көрші елдің азаматтары қатты аязға қатысты ескертуге қарамастан, жолға шығып кеткен, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Павлодар – Нұр-Сұлтан" автожолындағы патруль кезінде біз бір жүк көлігін байқап қалдық. Көлік жүргізушісі серіктесімен бірге "Қазгидромет" орталығының ескертуіне қарамастан жолға шыққан. Біз келгенде екеуі қатты тоңып, үсіп қалу қаупі болған", – дейді патрульдік полиция ротасының инспекторы Рустам Верещак.

Оның айтуынша, көлік жүргізушілері Ресейлен Қырғызстанға бет алған. Алайда Павлодар облысындағы қатты аяздан көліктің жанармайы қатып қалған. Полицейлер жүргізушілерді ең жақын жердегі кемпингке жеткізіп, өздері жүк көлігін жылытумен айналысқан. Кейіннен көлікті Шідерті ауылындағы жылы ғимаратқа алып келді.

"Көлік жылығаннан кейін жүргізушілер жолға шықты. Әріптесіміз Азамат Шақшабаев екеуміз олармен сағат сайын хабарласып тұрдық", – дейді Верещак.

Қырғыз азаматы Ақтілек Арзыбеков полицейлерге алғысын білдірді. Ер адам жүкті уақытында жеткізу керек болғаннан кейін жолға шыққанын атап өтті.




Айта кетейік, Павлодар облысында 2021 жылдың екінші қаңтарында сағат 18:00-ден бастап барлық бағыттар бойынша ауа райының нашарлауына байланысты дизельді және қоғамдық көліктер үшін шектеу енгізілген болатын.

Павлодар облысының полиция департаменті осы кезде де алыс сапарға шығудан бас тарта тұруға кеңес беріп отыр.


"Жолда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының барлық қатысушылары тәулік бойы ішкі істер органдарының бөлімшелерінен 102 нөмірі бойынша көмек сұрай алады", – дейді полицейлер.