Павлодар облысында жеті балалар үйі жабылды

0
1 601

Осы жылдың өзінде 300-ге жуық бала жаңа ата-аналарымен қауышқан.


Павлодар облысында жеті балалар үйі жабылды

ERNUR.KZ. Ертіс өңірінде соңғы жылдары жеті балалар үйі жабылды. Осыдан тоғыз жыл бұрын ата-ана қамқорлығынан айырылғандарға арналған 19 білім беру ұйымы болса, қазіргі таңда олардың қатары оннан асады. Соңғы бірнеше жылда ең ірі Қалқаман және Мичурин балалар үйлерінің жұмысы тоқтады, деп жазады Baq.kz.

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының мәліметінше, соңғы уақытта жетім балаларды бауырына басқысы келетін отбасылар көбейген. Мәселен, осы жылдың өзінде 300-ге жуық бала жаңа ата-аналарымен қауышқан. Бұл – еліміздегі жоғары көрсеткіштердің бірі. Ұл-қыздарға жан жылуын бергісі келген азаматтардың қатарында Талғат және Әсел Халиковтар бар.

44 жастағы Талғат Халиков Железин ауданының Лесноу ауылында тұрады. Шағын шаруашылығы бар азаматтың 21 жасар ұлы бар. Осы жылы тұңғыштары Мадиярдың мұрындық болуымен бес баланы асырап алуға шешім қабылдаған.

«Бастапқыда егіз Расул мен Ерхатты асырап алмақшы болдық. Балалар үйіне барғанда Фарида, Рамиля және Валерийді көріп, балаларды жақсы көріп қалдым. Үшеуі бір ананың балалары, оларды бөлуге дәтім бармады. Үшеуін де асырап алдық. Расул мен Ерхат менің туған ағаларыма ұқсайды, оларды сүйіп қалғаным содан болар. Біз Әсел екеуміз көпбалалы отбасынан шықтық. Сондықтан, үлкен шаңырақтың отанасы мен отағасы болуды арман еттік. Міне, мұратымызға жеттік. Үйге кіргенде, балалардың «әке, мама» деген дауысыне естігенде жүрегім елжіреп кетеді. Бақыт деген осы болар!» - дейді Талғат Халиков.

Әсел Халикованың қуанышында шек жоқ. Себебі, 40 жастағы азаматқа балалардың анасы болу бақыты бұйырды.

«Қыздарым өте ақылды, елгезек. Жанымнан шықпайды, көмектесуге тырысады. Ал ұлдарым әкелерінің қолғанаты болады деген сенімдемін. Үлкен ұлым Мадияр кішкентай кезінде іні-қарындастарының болуын қалайтын. Тағдырдың жазғаны болар, одан басқа бала көтере алмадым. Енді өзімді бақытты санаймын», - дейді Әсел Халикова.

Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлмира Байғазинованың айтуынша, 2010 жылы жұмыс істеп тұрған 19 балалар үйінде 810 жеткіншек тәрбиеленген.

«Бүгінде саны 11 мекемені құрап отыр, бұл үйлерде 379 ұл-қыз білім мен тәрбие алуда. Осы уақытқа дейін 35 бала отбасыларға қабылданса, 122 оқушы патронаттық тәрбиеге алынды. Ал 1239 бала қамқоршылықта. Жаңа отбасыға алынған балалардың тұрмысын, оқуын жіті бақылаймыз. Ата-аналардың барлығының жауапкершілігі мол», - дейді бас маман.

Қазіргі уақытта ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды қабылдаудың бірнеше формасы бар. Асарып алу, патронаттық тәрбие, қамқоршылыққа алу, қамқоршы отбасы сияқты түрлері бар. Ата-ана атанғысы келетін азаматтарға жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан қолдау бар. Балаларды туғанындай көретін үлкен жүректі адамдардың арқасында балалар үйлері жабылуда. Осындай жандардың қатарында 32 баланы асырап алған Екатерина Яценко бар.

«Яценко облыстағы ең үлкен отбасы шығар. 32 баламыз, 15 немереміз бар. Балаларымның ішінде орыстар, украиндер, осетиндер, немістер бар. Барлығын туғанымдай көремін. Тұңғыш баламның жасы - 39-да, кенжем – 8-де. Балаларсыз өмірімді елестете алмаймын», - дейді Екатерина Яценко.

Өңірде жабылып қалған балалар үйлері оқушыларға арналған сауықтыру кешендері мен лагерьлерге айналған.