Марқұмның 19 жастағы қызынан бөлек 11 және 4 жастағы ұлдары болған.
ERNUR.KZ. Павлодарда әйелін қызының көзінше өлтірген 39 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 15 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуі тиіс, деп жазады tengrinews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, былтыр шілдеде Павлодар тұрғыны әйеліне 28 пышақ жарақатын салған. Оқиға куәгері оның 19 жастағы қызы. Марқұм Сурова осы оқиғаға дейін "НеМолчи" қорына өтініш берген екен.
"Антонида өмір сүргісі келді, соңғы рет 2021 жылы 7 мамырда сөйлесті, өлетінін білгендей, көзіне жас алып: "Дина, не істеуім керек? Мен балаларға керекпін" - деді. 2021 жылы 6 шілдеде ол күйеуінің қолынан қаза тапты", - деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Facebook-парақшасында.
Сот мәліметінше, сотталушы мен оның қорғаушысы "ерекше қатыгездік" белгісін алып тастап, іс-әрекетті 99-баптың 1-бөлігіне қайта саралауды және ең төменгі дәрежедегі жаза тағайындауды сұраған.
"Бұл әрекеті үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда, асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын, кінәсін ішінара мойындауын ескере отырып, сот оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген соттың баспасөз қызметі хабарламасында.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, сот айыпталушыны марқұмның анасы мен қызына бес миллион теңгеден төлеуге міндеттеді.
Айта кетейік, марқұмның 19 жастағы қызынан бөлек 11 және 4 жастағы ұлдары болған.