Павлодарда көпқабатты үй өртеніп, екі бала газға уланып қалды

0
498

ТЖД қызметкерлері 4 баланы құтқарып, 18 адамды эвакуациялады.


Павлодарда көпқабатты үй өртеніп, екі бала газға уланып қалды

ERNUR.KZ. Өрт қаладағы Ломов көшесі, 152/2 мекенжайындағы үйде шыққан, деп жазады ulysmedia.kz.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өрт туралы хабар 28 желтоқсан күні сағат 10:20-да келіп түскен.

"9 қабатты көппәтерлі үйдің 1-қабатындағы қоқыс жинайтын орында өрт шыққан. Салдарынан 9-қабаттағы пәтерде 2000 жылғы әйел мен 2019 және 2022 жылы туған балалары газға уланып, ауруханаға жатқызылды", - деді департаментте.

Сондай-ақ, ТЖД қызметкерлері 4 баланы құтқарып, 18 адамды эвакуациялады. Өрт сағат 11:13-те сөндірілді. Жалын 5 шаршы метр аумақты шарпыды. Апаттың себебі анықталып жатыр.

Облыстық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, медқызметкерлер 2 бала мен 3 ересек адамға көмек көрсеткен. Газға уланған 3 жасар қыз бала мен 8 айлық ұл бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Олардан бөлек, жеңіл дәрежеде уланған 32 және 69 жастағы ер адамдар ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

Оқиға орнына ТЖД 21 қызметкер мен 6 техника, құтқарушылар тобы, жедел жәрдем мен медициналық қызметкерлер жұмылдырылды.