Облыс орталығында қазақ сыныптары жоқ төрт мектеп бар.
ERNUR.KZ. Павлодар қаласы Білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралинның айтуынша, облыс орталығында қазақ сыныптары жоқ 4 мектеп бар. Олар: №23, 16, 34 және 13 жалпы орта білім беру мектептері, деп жазады pavlodarnews.kz.
«Жаңа оқу жылынан бастап осы мектептерде қазақ сыныптары ашылады. Бұл мақсатқа қосымша бастауыш сынып мұғалімдері жұмысқа қабылданады. Осы орайда, ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқытуға ниет білдірсе екен деген сұранысымыз бар. Себебі, көптеген ата-аналар өзіміздің тіліміз шорқақтау, баланы оқыту қиын болады деген түрлі сылтаумен балаларын орыс сыныптарына береді. Ашығын айтқанда, ата-аналар тарапынан жоғары деңгейде сұраныс бар деп айта алмаймыз», - дейді ол.
Бөлім басшысының орынбасары қазақ сыныптары ашылатын мектептерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Облыс орталығында барлығы 43 жалпы орта білім беру мектебі бар. Оның ішінде біреуі - жекеменшік, 31-і - аралас, сегізі қазақ, төртеуі орыс тілінде білім береді.