Педофильдерді кастрациялауға 11 миллион теңге бөлінді

0
1 426

Елімізде жыл басынан бері 208 педофилдік қылмыс тіркелген.


Педофильдерді кастрациялауға 11 миллион теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Елімізде педофилия мәселесі тыйылмай тұр. Биылғы жылдың тек 6 айында қылмыстық кодекстің 122-бабы, яғни 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау бабы бойынша 208 жағдай тіркелген, деп жазады Almaty.tv.

Иә, өкініштісі, елімізде ұл-қызға қырғидай тиетін педофилдердің саны азаймай тұр. Оларды тіпті химиялық жолмен кастрациялау да еш шошытар емес. Жыл сайын жүздеген балғын осындай айуандардың құрбаны болуда.

Бетін жасыруды өтінген бұл бойжеткен 6 жасында ауыр психологиялық жарақат алған. Айтуынша, оны әкесінің туған бауыры зорламақ болыпты. Күштеп киімін шеше бергенде, қуанышына орай, үйге біреу келіп қалған. Бұл сұмдық жәйт 20 жылдан астам уақыт өткенімен, әлі көз алдымда дейді бойжеткен.

«Менің ата-анам жұмыста болды. Мен үйде туысыммен қалдым. Жасым алтыда. Ол кезде мен түк түсінбедім. Кейін есейе келе ғана түсіндім. Есікті біреу қаққанда, ағам ешкімге айтпа деп бұйырды. Мен қатты қорықтым. Ешкімге айтпадым. Ал бойжеткенде айтуға ұялдым. Ұят болады, жақындарым бұған қалай қарайды, маған сенбей ме деп қорықтым», – дейді ол.

Жыл сайын көптеген жасөспірімдер педофилдердің құрбаны болуда. Еліміздің Бас прокуратурасы Құқықтық статистика комитеті берген мәліметке сәйкес, былтыр қылмыстық кодекстің ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы, яғни 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау бабы бойынша 379 жағдай тіркелген. Ал биылғы жылдың тек алты айында бұл сан 208-ді құрап отыр. Алайда, бұл тек ресми ақпарат. Сарапшылар статистикалық бұл мәліметтер педофилерден зардап шеккен балалардың нақты, толық тізімін бере алмайды дейді. Мәселен, көпжылдық тәжірибесі бар Балабек Сақтағанов көптеген балалар шамамен 10 жасына дейін не нәрсеге ұрынғанын анық сезіне алмайды. Ал есейе келе қорыққаннан немесе ұялғаннан жасырады.

«Кастрация жасау мысалы педофилдерге ешқандай да әсер етпейді. Өйткені олар ең басында сондай әрекетке баратын кезде, ол әрекеттің заңға қайшы екенін біле тұра өзінің ішкі эмоциясына, эротикалық құлшынысына беріліп жасайды. Сондықтан заңның бұлай қатаюы, педофилизмнің азаюына ықпал тигізеді деу күмәнді», – дейді психолог Балабек САҚТАҒАНОВ.

Кастрация демекші, елімізде әлі бір де бір педофил бұл шарадан өтпегенін атап өту қажет. Былтыр аталған процедураға өзгерістер енгізіліп, оған бөлінген қаражат, 9 миллион 629 мың теңге бюджетке қайтарылған еді. Биылға 11 миллион теңге қаржы бағытталған. Анықталғаны, өңірлердің бюджеттік тапсырыстарына сәйкес, биыл 88, ал келер жылы 71 науқасты химиялық кастрация жүргізу қарастырылған. Заңгер, Абзал Құспан мәселені шешу үшін Батыс Еуропаның тәжірибесін қолдану қажет дейді.

«Еуропада педофилияға қандай да бір қатысы бар немесе күдікті деп тергеу органдарына іліккен адамдарды бақылауға алады. Екіншіден, олардың белгілі бір жерлерден алыс жүруін қадағалайтын электронды браслет сияқты құрал-жабдықтарды пайдаланады. Дәл біздің республикамыз үшін бұл үлкен бір шығын келтіреді деп ойламаймын», – деді қорғаушы Абзал ҚҰСПАН.

Ал Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев керісінше, заңымыз мұндай адамдарға тым жұмсақ, оны қатаңдату керек деген пікірде. Айтуынша, қазір осы түйткілге байланысты заң жобасын әзірлеп қойған.

«Сол заң жобасының аясында Қылмыстық кодекске біраз өзгерістер енгізу қажет. Балаларды зорлаған адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесуді ұсынып отырмын. Қазір қарап отырамыз «екі жақтың татуласуы бойынша» деп кейбір кезде қылмыскерді босатып жіберіп те жатыр. Немесе қамауға алса да, ертең бір жылдан кейін шартты түрде-мерзімінен бұрын түрмеден шығарып жібереді. Соның бәрін қазір заңнан алып тастау керек», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан ӘЛТАЕВ.

Қайткенмен, балаға ең алдымен ата-ана жауапты деген сарапшылардың ойы бір жерден шықты. Не болса да, биыл қыркүйек айынан бастап балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскерлерге жаза қатаңдайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдау жасамақ. Онда Мемлекет басшысы есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде парламентке және үкіметке тапсырмалар жүктейді. Бұл туралы Президент өзінің твиттердегі аккаунтында жазған.