Сарыағашта 5 жасар қызды зорлаған педофилге жеңіл жаза кескен судья, жаңа қызметке тағайындалды.
ERNUR.KZ. Бұған дейін аудандық соттың төрағасы қызметін атқарған Нұрғазы Шетенов енді өзі басқарған соттың судьясы болды, деп жазады inform.kz.
«Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 6 қазандағы № 367 Жарлығымен Нұрғазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьясы қызметіне қайта тағайындалды», - деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.
Айта кетейік, аулада ойнап жүрген 5 жасар Еркежан Нұрмаханды көршісі үйіне алдап кіргізіп, кейін зорлап, бірнеше рет пышақтап өлтірген болатын. Кісі қолынан көз жұмған 5 жасар бүлдіршіннің денесі жер қойнына тапсырылды.
Еске салайық, Президент Бас прокуратура мен ІІМ-не қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған болатын. Жуырда 48 жастағы педофил қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сотталушы бұрын адам өлтіргені үшін де 10 жыл жазасын өтеген. Ал биыл көктемде ол тағы бір адамның басынан балтамен ұрғанына қарамастан, жергілікті сот оны шартты түрде босатып жіберген.