​Перуашев бірін-бірі Комсомол күнімен құттықтаған депутаттарға наразылығын білдірді

0
1 497

Бұндай мереке жоқ. Әріптестер, біз қандай мемлекетте тұратынымызды еске салғым келеді.


​Перуашев бірін-бірі Комсомол күнімен құттықтаған депутаттарға наразылығын білдірді

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев төменгі палатада өткен Үкімет сағатында бір-бірін Комсомол күнімен құттықтаған екі-үш депутатқа наразылығын білдірді, деп жазады Baq.kz.

«Владимир Карпович (Мәжіліс төрағасының орынбасары Божко – авт.), бізде Мәжілістің ресми отырысы өтіп жатыр. Сіз өз сөзіңізде және басқа әріптестеріміз бір-бірін Комсомол күнімен құттықтай бастады. Бұндай мереке жоқ. Әріптестер, біз қандай мемлекетте тұратынымызды еске салғым келеді. Біз тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Егер біреулер үшін бұл жеке мереке болса, бір-бірлеріңізді Мәжіліс отырысында емес, жеке құттықтаңыздар», - деді Азат Перуашев Үкімет сағатында.

Депутат кулуарда берген сұхбатында өз өмірінде де көп нәрсе Комсомолмен байланысты болғанын айтты. Дегенмен, өзінің отырыста айтқан сөзінен бас тартқан жоқ.

«Тәуелсіз мемлекеттің заң шығарушы органының ресми отырысында қазіргі күнге еш қатысы жоқ қандай да бір датамен құттықтау дұрыс емес. Жеке құттықтауларға еш қарсылығым жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның өз мемлекеттік мерекелері бар. Осы атаулы күндермен бір-бірлеріңізді ресми түрде құттықтау орынды», - деді сұхбатында Азат Перуашев.

Атап өтсек, Кеңес үкіметі кезінде Комсомолдың құрылған күні 29 қазанда аталып өтетін. Биыл Жалпыодақтық Ленин жастар коммунистік одағы – Комсомолдың құрылғанына 100 жыл болған екен.