Петропавлдағы сепаратизм ісі: күдіктілердің басқа өңірлердегі жақтастары іздестіріліп жатыр

0
687

Бұған дейін сепаратизм бабымен тергеліп жатқан Петропавл қаласының үш тұрғынының мәлімдемесінде «Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау» белгілері бар екені анықталған еді.


Петропавлдағы сепаратизм ісі: күдіктілердің басқа өңірлердегі жақтастары іздестіріліп жатыр

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің жауабында айтылған, деп жазады ulysmedia.kz.

«2023 жылғы 30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар тұрғынының әлеуметтік желілерде «Халық кеңесін» құру бастамасын жариялау фактісіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-бабы, 2-тармағы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдарымен немесе телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасаған сепаратистік әрекет) Петропавл қаласының бірнеше тұрғынына қатысты тергеу іс-шараларын жүргізуде. Комиссиялық психология сараптамасының қорытындыларына сәйкес қатысушылардың іс-әрекеттерінде сепаратизм белгілері анықталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда басқа өңірлерде олардың жақтастарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтеді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, осындай келеңсіз жағдайлар бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң талаптарын бұзушыларға қатысты қатаң ден қою іс-шаралары мен алгоритмдер пысықталған. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік органдардың жедел хабарландыру және ақпараттық әрекет ету алгоритмі жұмыс істейді.

«Бұдан басқа, өңірлік әділет органдары халықтың құқықтық сауаттылығын жетілдіру үшін құқықтық мәдениет пен құқықтық нормалары бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүзеге асыруда. Осы ретте, құқықтық насихат бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-порталдарды, әлеуметтік желілерді қамтитын бірқатар іс-шара (тікелей эфирлер, кіріспелер, сұхбаттар) өткізілуде. Үкімет азаматтардың, әсіресе жастардың арасында патриотизм, мемлекеттік мүдде құндылықтарын насихаттау, ақпараттық түсіндіруді арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде», - дейді Көлгінов.

Еске салсақ, бұған дейін сепаратизм бабымен тергеліп жатқан Петропавл қаласының үш тұрғынының мәлімдемесінде «Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау» белгілері бар екені анықталған еді.