Петропавлдағы зауытта арақ пен темекіден бас тартқандардың жалақысы өседі

0
750

Компанияның негізі ұстанымы – жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету.


Петропавлдағы зауытта арақ пен темекіден бас тартқандардың жалақысы өседі

Петропавлда ашылған трансформатор зауыты жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етпек. Бұған дейін тапсырылған көпқабатты үйде 40 отбасы тұрып жатыр. Сонымен қатар «Жас өркен» шағынауданында 104 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, деп жазады

ӨНІМНІҢ 90 ПАЙЫЗЫ ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Биыл Сотүстік Қазақстан облысында ашылған ірі кәсіпорындардың бірі – Петропавл электртехникалық зауыты. Кәсіпорын трансформаторлар шығарумен айналысады.

«Бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытының ғимаратын сатып алдық. Әбден ескіріп, көше сәнін кетірген көне нысан болатын. «Даму» қоры арқылы пайыздық үстемесі төмен несие алдық. Әкімдік тарапынан да қолдау көрсетілді. Жобаны жүзеге асыруға 10 млрд. теңге жұмсалды. 2022 жылдың соңына дейін 4 мың трансформатор шығаруды жоспарлап отырмыз. Әзірге зауытымызда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дені – Алматы, Шымкент, Кентаудағы филиалдардан келген мамандар. Сонымен қатар жергілікті университетпен жасалған екіжақты келісімшарт бар. Соның аясында «Серпін» бағдарламасының түлектері де екі қолға бір күрек тауып отыр. Келер жылдан бастап зауытымыздың қуатын арттырып, трансформатордың 13 мың данасын құрастырмақ жоспарымыз бар. Ал жұмысшылар санын 350-ге дейін жеткізбекпіз. Өніміміздің 98 пайыздан астамын экспортқа шығарамыз. Қалғанын жергілікті нарықта саудалаймы», – дейді зауыт директоры Ерсұлтан Шәмшиев.

Кәсіпорын өнімнің негізгі бөлігін Ресейге экспорттап отыр. Зауыт трансформатордың екі түрін өндіреді.

ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕН БАС ТАРТҚАНДАР КӨП

Петропавл электртехникалық зауыты жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріп отыр. Отбасында 4 және одан көп баласы барларға көтермеақы қарастырылған. Биыл кәсіпорын басшылығы қаладағы ескі ғимаратты жаңартып, ондағы пәтерлерге 40 отбасы қоныстанды. Бұл мақсатқа зауыт 450 млн. теңге қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Петропавлда компания қызметкерлеріне арналған 104 пәтерлік көпқабатты үй тұрғызылып жатыр. Құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Компанияның негізі ұстанымы – жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету. Осылайша білікті мамандарды тарту, кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету. Зауыт берген баспаналар жұмысшылар үшін қолжетімді. Құрылысы жүріп жатқан үйді қызметкерлерге пайызсыз несиеге арзан бағамен беруді көздеп отырмыз», – дейді Ерсұлтан Шәмшиев.

Кез келген кәсіпорынның тірегі – білікті мамандар. Петропавл электртехникалық зауыты негізінен жастарға сенім артатындықтан олардың тұрақтап қалуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Соған сай қызметкерлерге де қойылатын түрлі талаптар бар.
«Ұжымда қызметкерлерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Балалы болған әйел адамдарға 350 мың, ер адамдарға 250 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мақсатымыз – ел демографиясының жақсаруына үлес қосу. Кәсіпорында шаңырақ көтерген жұптарға 500 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Яғни, отбасылық династияларды қолдаймыз. Бір жылдан астам жұмыс істеген адамдарды шеберлік курстарына жібереміз. Шығынның 50 пайызын өзіміз көтереміз. Шылым шегу, ішімдік ішу сынды зиянды әдеттен бас тартқан жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға көтереміз. Денсаулық жағдайын жақсартқысы келгендерге де материалдық көмек көрсетіледі. Мектеп түлектерімен келісім жасау арқылы шетелдерге оқуға жібереміз. Олар қолдарына диплом алған соң елге оралып, зауытта қызмет етеді. Жұмысшыларды жеңілдікпен тамақтандыру да қарастырылған. Біздің кәсіпорын үшін ең басты құндылық – адамдар. Оларға жұмыс істеуге барынша ыңғайлы жағдай жасауға, әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлуге баса мән береміз», – дейді кәсіпорын директоры.

Қажетті кадрларды даярлау үшін Петропавл қаласындағы үш бірдей колледжбен дуалды оқыту жөнінде келісім жасалған. Студенттер өндіріс ошағында тәжірибеден өтеді. Кейін өздерін жақсы қырынан көрсеткендері жұмысқа қабылданады. Зауытта «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алған отыздан астам университет түлегі жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – инженер Асылжан Романов.

«Инженер болып жұмыс істеймін. Зауытта сапалы өнім шығаруға баса көңіл бөлінеді. Талап та күшті. Дайын трансформаторлардың сапасын бақылаймын. Биыл диплом алып, осында жұмысқа орналастым. Қызметім өзіме қатты ұнайды. Өзіммен бірге оқыған достарым да осында бірге еңбек етіп жатыр. Баспана мәселесі де бірден шешілді. Кәсіпорын меншігіндегі үйде тұрып жатырмын», – Асылжан Романов.

Петропавл электртехникалық зауыты «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. 21 мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттың 18 мыңында өндірістік станоктар орнатылған. Бұл үлкен кәсіпорында әлем нарығында сұранысқа ие электртехникалық бұйымдар шығарылып жатыр.