Петропавлдағы Жылу-электр орталығын күрделі жөндеуге 17,5 млрд теңге көзделіп отыр – министр

0
588

ҚР Энергетика министрі СҚО-ға сапары барысында жақында мұржасы опырылып түскен ЖЭО-ға барды.


Петропавлдағы Жылу-электр орталығын күрделі жөндеуге 17,5 млрд теңге көзделіп отыр – министр

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысына келген ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Петропавлдағы 2-інші Жылу-электр орталығына қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Энергетика министрі СҚО-ға сапары барысында жақында мұржасы опырылып түскен ЖЭО-ға барды.

«Атқарылып жатқан жұмыстарды көрдік, тағы бір рет тексердік. Жол картасында күрделі жөндеуге 17,5 млрд теңге бөлу көзделген. Алайда акционерлерге Жылу орталығындағы жөндеу жұмыстары меншік иесінің есебінен жүргізілуі қажет екенін айттық. Тарифтер қымбаттауы мүмкін. Бірақ ол жөндеуге қажет қаражатты шығарумен байланысты емес, оған көмірдің және көлік шығындарының артуы себеп», - деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, жөндеу жұмыстарын созып алмай, ертерек бастау керек. Өйткені, елдің солтүстігінде жаз қысқа. Жарты жылдан кейін қайта жылыту маусымы басталады.

«Елдің басқа өңірлерінен осындай орталықтардың инженерлері келді. Жөндеудің оңтайлы нұсқасын қарастырды. Біздің қазіргі міндет – жылыту маусымына тас-түйін дайындалып, 9 қазандықты іске қосу. Техникалық тұрғында екі мұржаны ғана қолдануға болады. Қазандықтарды қайта қосу керек, екі мұржа 9 қазандыққа шыдас береді. Қыркүйек айына дейін 7 қазандықты жөнге келтіріп, тағы екеуін қазан айында іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Орталықтың жаңа мұржасын тұрғызуға шамамен екі жыл керек. Қазіргі уақытта жартылай опырылып түскен мұржаның іргетасын пайдалану жайы қарастырылып жатыр.

«Іргетасы мықты болған жағдайда мұржаны әрі қарай көтеріп саламыз. Бірақ қателікке бой алдырғымыз келмейді, сондықтан дұрыстап зерттелетін болады. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұржаның толық бұзылатынын немесе құлаған жерінен бастап қайта салынатыны белгілі болады», - деді Болат Ақшолақов.

Еске салсақ, 20 наурыз күні Петропавлдағы жылу-электр орталығының мұржасы ішінара құлап, бір жұмысшы үйінді астында қалып мерт болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды тез арада жылумен қамтуды тапсырды.

Араға бір апта салып аталған Жылу орталығында тағы да апат болды.

Кейін «СевКазЭнерго» АҚ жағдайдың тұрақталып келе жатқанын хабарлады.

Жылу орталығының директоры мен бас инженері қамауға алынды. Көп ұзамай «СевКазЭнерго» АҚ бас директоры да ұсталды.

Энергетика министрлігі мұржаның құлауына не себеп болғанын айтты.