Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарға айыппұл салынады

0
733

Комитет өкілі пиротехникалық бұйымдарды қандай нұсқаулықпен сатып алу қажеттігін айтты.


Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарға айыппұл салынады

ERNUR.KZ. 25 желтоқсаннан бастап 3 қаңтар аралығында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шаралары жүріп жатыр. Заңсыз сауда жасалса 76 575 теңге айыппұл салынады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошев айтты, деп жазады stan.kz.

25 желтоқсаннан бастап 3 қаңтар аралығында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп жатыр.

“26 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздегі дүкендерге және өзге де сауда орындарына, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды тасымалдаудың және сақтаудың заңдылығы бойынша 400 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 75 фактісі анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 196-бабы бойынша тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасалса 76 575 теңге айыппұл салынады. Құқық бұзушылардан сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың 1850 данасы тәркіленді”, - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошев.

Комитет өкілі пиротехникалық бұйымдарды қандай нұсқаулықпен сатып алу қажеттігін айтты.

“Пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде қауіпсіздік мақсатында тек мамандандырылған дүкендерде және қызметтің осы түріне тиісті лицензиялары бар сауда павильондарында сатып алу қажет. Отшашуларды сатып алғанда, сатушылардан өнімге сәйкестік сертификатын талап еткен жөн. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтың болуы міндетті. Нұсқаулықпен танысқан кезде оның сақталу мерзіміне назар аудару керек. Егер тауар мерзімі өтіп кетсе, оны мүлдем қолдануға болмайды”, - деді Әміржан Байғошев.