Полигонға тамақ және құрылыс қалдығын төгуге тыйым салынады

0
1 686

Қазақстанда үш жарым мыңнан астам қоқыс полигоны бар.


Полигонға тамақ және құрылыс қалдығын төгуге тыйым салынады

ERNUR.KZ. Елімізде келер жылдан бастап полигонға тамақ және құрылыс қалдығын төгуге тыйым салынады. Ал, бүгінге дейін жиналып қалған 120 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық қайда кетеді? Экология министрлігі осыған жауап таба алмай отыр, деп хабарлайды ktk.kz.

Қоқыстарды қайта өңдеуге, тиімді пайдалануға қауқарсыз. Бұлай кете берсе Қазақстан көп ұзамай қоқыс алаңына айналуы мүмкін. Мәселені шешуде сенаторлар қандай жол ұсынады?

Қазақстанда үш жарым мыңнан астам қоқыс полигоны болса, соның ішінде экологиялық, санитарлық талаптарға сай келетіні 20 пайызға да жетпейді. Оның үстіне басым бөлігі толған, қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен. Экология министрлігінің оған қарсы ойлап тапқаны – полигондарды ғарыштан бақылау. Сондағы суреттер арқылы биыл заңсыз қоқыс жиналған 10 мыңға жуық нысанды анықтаған.

- 2019 жылдың қорытындысы бойынша 9 628 заңсыз қалдық тасталған орынды таптық. Әзірге анықталған заңсыз қоқыстың 23 пайызы ғана жойылды. Ең көбі Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарында, яғни заңсыз қоқыс алаңы бар, - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Әсем Жайсаңбай.

«Жасыл экономикаға» бет бұрған Қазақстан алдағы 30 жылда қоқыстардың жартысын қайта өңдеуі тиіс. Бірақ бұл межеге қол жеткізе аламыз ба, белгісіз. Қазірдің өзінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мен қайта өңдеу үлесі мардымсыз, 13-ақ пайыз. Әсіресе өңірлердің үлесі аз.

- 14 аймақ пен 3 қаланың бірдебіреуі тұрмыстық қатты қалдық тиімді пайдалану жағынан жоғары немесе орташа бағаны иеленіп отырған жоқ. Бес өңір: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Алматы облыстарында пайдалану жағы өзге 12 өңірден қарағанда әлдеқайда жақсырақ, - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Экология министрлігі енді жаңа жобаны қолға алмақ. Полигондарда жиналған 120 миллиондай тонна қоқысты өртеп, одан энергия алуды көздеп отыр. Жоба бойынша алты қоқыс өртейтін кешен салу қарастырылған.

- Қазақстанда қоқыс өңдеу секторын дамытқысы келетін инвесторлар көп. Қазір біз өртелген қоқыстан алынатын электр энергиясының бағасын талқылап жатырмыз. Сингапур, Германия, Испания сияқты елдерден инвесторлар келді, бағаны аукционға саламыз. Егер бағаны төмен ұсынса, сол инвестор өз қаражатына зауыт салады, - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Бірақ полигонға қоқыс төгуге тыйым салынса, тау-тау қоқысты қайда төкпек? Сенат төрайымы соны түсіне алар емес. Сондықтан Дариға Назарбаева келесі жылы қоқыс тастауға салынатын тыйымды «алып тастау керек» дейді.

- Бүгін үкімет немесе заң ешқандай ұсыныс жасап отырған жоқ. Яғни, бұл дегеніңіз тыйым келесі жылы жұмыс істемейді деген сөз. Егер бұл мәселе толықтай шешілмесе, тыйым салудың қажеті жоқ деп есептеймін. Өйткені ертең сіздер полигон иесін, сонда жұмыс істейтін адамдарды жауапқа тартасыздар. Бұл ойланатын мәселе, - дейді Сенат спикері Дариға Назарбаева.

Сенат спикері біздегі кәсіпкерлердің өнімдерін шетелге экспорттап жатқанына көңілі толмайды. Оларды қаншалықты мемлекет тарапынан қолдасақ та, бәрібір дегенін жасауы мүмкін деген Дариға Назарбаеваның күдігі бар. Сол үшін қоқысты жоюда мемлекеттік бағдарлама қажеттігін айтты.