Биылдан бастап ішкі істер органдарында кең көлемді реформа басталды.
ERNUR.KZ. Реформаның маңызды тұстарының бірі – ведомстволық білім беру саласын жаңғырту. Осыған байланысты, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ оқу орындарының басшылары және ІІМ-нің жетекші қызметтерімен кездескенде ведомстволық білім беру саласына реформа жүргізу барысын талқылады, деп жазады Елорда Инфо.
Ол бұл салада қазірдің өзінде нақты істер атқарылған. Білім беру жүйесі оңтайландырылып, 6 оқу орталығы қысқартылды. Қазіргі уақытта полицейлерді дайындау Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты мен Шымкент оқу орталығында жүргізіледі.
ІІМ сонымен бірге бакалавриат бағдарламасы бойынша дайындаудан бас тартып отыр. Қарағанды академиясында ғана бұл бағдарлама сақталып қалды.
«Елімізде заңгерлік білім беретін жоғары оқу орындары жеткілікті. Біз жастарды осы оқу орындарынан алып, әрі қарай мамандандырылған курстарда дайындаймыз», – деп мәлімдеді министрліктің басшысы.
Оқу процесінде практикалық сабақтарға басымдық беріледі. Криминалистер, тергеушілер және жедел қызметкерлер үшін 6 айлық, қалғандары үшін 3 айлық оқу курстары қарастырылған. Бұрындары офицерлік құрам үшін 3 айлық, сержанттық құрам үшін 2 айлық оқыту жүйесі қолданылған болатын.
«20 мамырдан оқу жаңа форматта жүргізіле бастады. Заманауи интерактивтік әдістер мен оқыту нысандары кеңінен пайдаланылатын болады. Бұл тыңдаушыларға қысқа мерзім ішінде көлемді ақпаратты игеруіне мүмкіндік береді»,-деп атап өтті Тұрғымбаев.
Осы жаңашылдықтарды ескере отырып, ІІМ оқу орындарының тұжырымдамасы әзірленді, оларды министермен кездесу барысында министрліктің ЖОО мен Оқу орталықтарының басшылары таныстырды.
Кездесу қорытындысында Ерлан Тұрғымбаев білім беру реформасының барлық процестері жария түрде өтетінін айтты. Осыған байланысты оқу орындарының басшыларына жұртшылықты және БАҚ өкілдерін шақыра отырып, «Ашық есік күндерін» немесе «Дөңгелек үстелдер» өткізуді және іс-шаралар барысында ведомстволық білім беруді жаңғырту мәселелерінің мән-мағынасын толық түсіндіруді тапсырды.
«Халық кадр даярлау жүйесінде қандай өзгерістер болды және ол полиция жұмысының сапасына қайлай әсер ететінін білуі керек. Біз азаматтық жоғары оқу орындарынан кадрларды іріктеп алу арқылы ведомстволық оқу орындарының әлеуеті мен болашақ полицейлерді дайындау сапасын көтеруді мақсат етіп отырмыз», – деп түсіндірді ішкі істер министрі.