Полицейлердің мәліметі бойынша қазанның 21-і күні түнгі сағат 03:20 шамасында Степногорск қалалық ІІБ-нің кезекшілік бөліміне қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында белгісіз екеудің бір ер адамды ұрып жатқаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына патрульде жүрген екі полиция қызметкері аттандырылған.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында полиция қызметкері заң бұзушыға қарсы табельдік қаруын қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметі бойынша қазанның 21-і күні түнгі сағат 03:20 шамасында Степногорск қалалық ІІБ-нің кезекшілік бөліміне қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында белгісіз екеудің бір ер адамды ұрып жатқаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына патрульде жүрген екі полиция қызметкері аттандырылған.
Оқиға орнына жеткен полицейлер зардап шегуші мен куәгерлердің айтуы бойынша бұзақылардың ізіне түседі. Нәтижесінде полиция сержанты Нұрбек Мұқанов күдіктілердің бірін оқиғаға болған жерге жақын маңнан байқап қалады. Ұстау барысында ішімдікке мас күйде болған ер адам полиция қызметкеріне қарсылық көрсетеді. Тіпті, полицияның айтқан заңды талабын орындамай таяқ ала ұмтылады. Осы кезде, полиция сержанты Нұрбек Мұқанов табельдік қаруынан бірнеше рет аспанға оқ атып ескертуге тырысады. Одан да түк шықпайды. Сосын барып амалсыздан, бұзақыға оқ атады. Нәтижесінде ер адам аяғынан жараланады.
«Ер адам мас болғандықтан өзінің әрекетіне бақылау жасай алмады. Ескерту ретінде аспанға оқ атуда еш нәтиже бермеді. Барлық жағдай қасқағым сәтте өтті. Бұзақының әрекетінен өзім ғана емес, әріптесім де зардап шегуі мүмкін еді. Сондықтан, бұзақыға тосқауыл болу үшін қару қолдануыма тура келді», - деді полиция сержанты Нұрбек Мұқанов.
Қазіргі кезде, күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Степногорск қаласының прокуроры полицияның əрекетін заңға қайшы емес деп отыр.