Бектенов Сауда, Сыртқы істер және Қаржы министрліктеріне 1 шілдеге дейін Бейжіңге сауда өкілдерін жіберуді және ШҰАА-да сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр отандық өнімді өткізу нарығын кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Орталық Азия елдеріне азық-түлік өнімдерін табысты экспорттап отыр. Ал металлургия өндірісінің тауарларын таяу көршілерімізге, Еуропаға да, басқа елдерге де жібереміз. Отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту қажет. Ол үшін шетелде экспортты барынша тиімді ұсына білуіміз керек. Кейбір серіктес елдерге сауда өкілдері жіберілуде. Алайда бұл жұмыс баяу жүріп жатыр және оны барынша күшейту қажет. Мәселен, өткен аптада Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары екеуіміз Қытаймен сауда қатынастарын кеңейту мәселелерін жан-жақты талқыладық. Бұл бағыттың перспективасы жоғары. Осыған байланысты Сауда, Сыртқы істер және Қаржы министрліктеріне 1 шілдеге дейін Бейжіңге сауда өкілдерін жіберуді және ШҰАА-да сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.