Сонымен қатар ол су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуі тиістігін баса айтты.
Атырау облысында елді мекендерді су басып қалу қаупі сақталып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Көріп отырғанымыздай, Атырау облысында елді мекендерді су басып қалу қаупі сақталып отыр. Сондықтан тиісті құрылымдар тасқынға қарсы жұмыстарды жалғастыруы қажет. Әсіресе, Индербор және Махамбет елді мекендеріндегі жағдайды ерекше бақылауға алу керек. Онда Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті. Эвакуациялық бекеттер кез келген уақытта адамдарды қабылдауға дайын болуға тиіс. Күштер мен құралдар да сақадай сай тұруы керек. Су ресурстары министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін. Сонымен қатар Ақтөбе облысында 2 елдімекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ. Онда азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің болуын мұқият бақылауға алу керек. Электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездету керек», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуі тиістігін баса айтты.
«Келтірілген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек», - деді Олжас Бектенов.