Президент ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюуі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өтті.
«Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы тұғырнамамда айттым. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, елордада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялауда.