Президент Жаңаөзендегі жұмыссыздық пен баспана мәселесін қозғады

0
1 017

Жаңаөзендіктер әлеуметтік желі арқылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған.


Президент Жаңаөзендегі жұмыссыздық пен баспана мәселесін қозғады

ERNUR.KZ. 12 сәуірде Маңғыстау облысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттары, ардагерлер, бизнесмендер және жастармен кездесуде Жаңаөзен тұрғындарының мәселелері жайлы айтты, деп жазады Азаттық.

«Аймақтағы маңызды мәселелердің бірі – Жаңаөзен қаласының дамуы. Негізгі міндет – қала тұрғындарын жұмыспен, баспанамен қамтып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бұл мәселе бойынша үкімет кешенді жоспар әзірледі. Оны міндетті түрде іске асыру керек. Жаңаөзендіктерді жұмыспен, баспанамен және жатақханамен қамту үшін Ақтау қаласында квота қарастыруымыз керек» - деді Тоқаев.

Биыл ақпанда Жаңаөзен тұрғындары қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының алдына жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен. Олар биліктен 150-300 мың теңге айлығы бар жұмыс тауып беруді және жастар мәселесіне назар аударуды сұрады. Бұған дейін олар осы талаптарын айтып, әлеуметтік желі арқылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған.

Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған. Жаңаөзенде жұмыссыздар наразылығына келіп жүрген 11 адамды полиция 13 наурыз күні кешкісін әлдебір іске куә ретінде шақырып, үйінен алып кеткен.

Наурыздың соңында Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев екі айға қамалды.

15 наурызда бір топ министр Жаңаөзен қаласына барған. Сапар барысында министрлер көп балалы, жағдайы нашар отбасылармен де кездескен.