Ол бұндай қадамға кәмелет жасына толмаған 2 баласы үшін барған.
RNUR.KZ. Алматыда Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталған Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот отырысы өтті. Сот залында прокурор судьядан Сайрагүлді Қытай Республикасына жібермеуді және сот залынан босатуды сұрады, деп жазады sn.kz.
Сайрагүл Сауытбай тергеу басталғалы өз кінәсін теріске шығарған емес. Бұл жолғы сот отырысында да қылмыс жасауға мәжбүр болғанын айтты. Ол бұндай қадамға кәмелет жасына толмаған 2 баласы үшін барған.
Сотта сөз алған прокурор айыпталушының ҚР ҚК-нің 55 бабы 2 бөлігі («Аса ауыр емес») қылмыс жасағанын, қылмысын толықтай мойындағанын, кәмелеттік жасқа томаған 2 баласының барын ескере отырып, судьядан оны Қытайға бермеуді және сот залынан босатуды сұрады.
Ал адвокат Абзал Құспан Халықаралық конвенцияда «мемлекет кәмелеттік жасқа толмаған балаларды ата-анасынан айырмауы тиіс» деп жазылғанын, Қытай Республикасы осы талаптарды бұзғанын атап өтті.
Прокурор, адвокат және айыпталушының сөзін тыңдаған судья кеңес бөлмесіне кетті. Сот үкім сағат 15:30-да оқылады.
Айта кетейік, Сайрагүл Сауытбай мамыр айының ортасында Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті деген айыппен тұтқындалған болатын.