Ер адам Ресейде 10 жыл іздеуде болған.
ERNUR.KZ. Елорда полицейлері жедел-іздеу шараларын өткізу барысында халықаралық іздеуде болған қылмыскерді ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.
33 жастағы Ресей азаматы 2011 жылы Санкт-Петербор қаласында біреуге ауыр жарақат салып, салдарынан сол адам көз жұмған.
Қылмыстық қудалаудан қашып жүрген ер адам 10 жыл бойы іздеуде болды. Ол соңғы жылдары Қазақстанда тұрып келген, жалған құжатқа қол жеткізіп, бөтен есіммен өмір сүрген. Отбасын құрып, елорда мейрамханаларының бірінде шеф аспаз болып қызмет еткен.
Ұстау кезінде ер адам өзінің аты-жөнін жасыруға тырысты. Алайда полиция оның саусақ іздерін салыстырып, оның күдікті екенін растады. Ол РФ Қылмыстық кодексінің 111-бабы 4-бөлімі бойынша адам өліміне әкеліп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмысын жасады айыпталып отыр. Оған іздестіруді Санкт-Петербор қаласының ішкі істер басқармасы жариялаған.
Қазіргі кезде ер адам елорда полиция департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды, оны Ресейге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.