Ресейлік саясаткер Дариға Назарбаеваға ерекше ұсыныс жасады

0
1 311

Дариға Назарбаева Ресейге ресми сапармен барды.


Ресейлік саясаткер Дариға Назарбаеваға ерекше ұсыныс жасады

ERNUR.KZ. Сенат спикері Дариға Назарбаеваға Мәскеу сапары барысында 2021 жылы өтетін III Еуразиялық әйелдер форумында тең төраға болу ұсынылды, деп жазады sputniknews.kz.

Бұндай ұсыныс Дариға Назарбаеваның Ресейдің федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды парламенттің жоғарғы палатасының баспасөз қызметі.


"Валентина Матвиенко 2022 жылы Ресейде өтетін Дінаралық және этносаралық диалог жөніндегі дүниежүзілік конференцияны дайындау жөнінде бірлескен жұмыстарды бастауды ұсынды, сондай-ақ Дариға Назарбаеваны 2021 жылы өтетін үшінші Еуразиялық әйелдер форумының тең төрағасы болуға шақырды", - делінген ақпаратта.

Еуразиялық әйелдер форумы – қазіргі қоғамдағы әйелдер рөлін талқылауға арналған ірі беделді халықаралық алаң. Шара ұйымдастырушылары - федералдық жиналыстың федерация кеңесі мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясы.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін, оның ішінде Қазақстан мен Ресей парламенттерінің байланысын талқылады. Дариға Назарбаева әңгіме барысында шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталып, Қазақстан мен Ресей арасындағы өткізу бекеттерінің мәртебесін арттыру туралы мәселені көтерді.

Жоғарғы палата басшысы Қазақстан мен Ресей азаматтарының екі ел аумағында жүріп-тұру және болу жағдайлары мәселелерінде тепе-теңдіктің жоқтығына Ресей тарапының назарын аударды.

Валентина Матвиенко Ресей мен Қазақстанның достық және одақтастық қатынастары екі мемлекеттің дамуында маңызды екенін атап өтті.

Кездесу барысында Дариға Назарбаева Валентина Матвиенкоға I дәрежелі "Достық" ордені табыс етті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттау туралы жарлыққа қол қойған болатын.