Ресейден келгендердің Қазақстан арқылы өзге мемлекетке шыға алатынын айтты.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі брифингте Ресейден Қазақстанға келушілердің көптігі олардың осында қоныстап қалатынын білдірмейтінін айтты. Министрлік көрші елден қоныс аударған мигранттардың кейбір себептерін атап, олардың біздің ел арқылы өзге мемлекеттерге де шығып жатқанын жеткізді, деп stan.kz.
Министрлік өкілі елімізге Ресейден келгендердің Қазақстан арқылы өзге мемлекетке шыға алатынын айтты.
"Қазақстан мен Ресейдің құрлықтағы шекарасы 7591 шақырымды құрайды. Бұл әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы. Үлкен көші-қон ағынының болуы шекарадағы көршілестікке байланысты. Қазақстанның Ресей азаматтары үшін транзиттік әлеуетін ұмытпаған жөн", - деді Ішкі істер министрлігі Ақпараттандыру және коммуникациялар департаментінің бас маманы Әділ Сәрсенов.
Маман ресейлік әуежайларда билеттер тапшы болғандықтан ресейліктердің Қазақстан әуежайы арқылы ұшуға мәжбүр болуы мүмкін екенін қоса кетті.
"Ресейліктердің қоныс аудару үшін біздің әуе айлақтарын пайдалану мүмкіндігі де иммиграция ағынының бір себебі болып табылады. Транзитке келетін болсақ, соңғы күндерде Ресейдің 40 мың азаматы Қазақстаннан кетіп қалды. Мыңдаған адам Қазақстан арқылы оңтүстіктегі көршілеріміз Қырғызстанға, Өзбекстанға кетті", - деп келтіреді ІІМ-нің өкілі.
Ведомствоның мәліметінше, бес күн ішінде 6 мыңға жуық ресейлік Қазақстан әуежайлары арқылы ұшып кеткен.
Еске салсақ, Владимир Путиннің жартылай мобилизация туралы мәлімдемесінен кейін ресейліктер шетелдерге жаппай билет ала бастаған болатын.