Ресеймен шекарадағы Көптоғай ауылының маңында қоршау орнату жұмыстары тоқтатылды

0
718

Аудан әкімі жер мен мал суаруға ешқандай кедергі жоқ екенін айтты.


Ресеймен шекарадағы Көптоғай ауылының маңында қоршау орнату жұмыстары тоқтатылды

ERNUR.KZ. Атырау және Астрахан облыстарының шекарасында шекара қоршауларын орнату уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Шекара қоршауларын орнату жұмыстары тоқтатылды", - деді Мұрзиев.

Айта кетейік, 14 сәуірде Атырау мен Астрахан шекарасына шекара қоршаулары орнатыла бастады.

Шекара маңындағы Көптоғай ауылының тұрғындары наразылық білдіріп, жағдайды түсіндіруді сұрады.

Жергілікті тұрғындар өңірлік "Ақ Жайық" басылымына Қиғаш өзенінің бойына қоршаулар орнатылғанын айтты. Тұрғындар ауыз суға қол жеткізу, малын қалай суаратынын ойлап алаңдап отыр.

"13 және 16 сәуірде Көптоғай ауылының тұрғындарымен жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жерді суару, малға су жеткізу мәселесі қаралды. Бұған ешқандай кедергі жоқ", - деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев.

Қоршауларды орнатудың заңдылығы

2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойды.

2005 жылдың 2 желтоқсанында Ресей президенті Владимир Путин "Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасы туралы шартты ратификациялау туралы" заңға қол қойды. Сол күні шартты ратификациялау туралы заңға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қол қойды.

Шарт 2006 жылдың 12 қаңтарында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) екі ел президентінің ратификациялық грамоталармен алмасу туралы хаттамаға қол қоюы барысында күшіне енді.

2019 жылдың қараша айының соңында Мәскеуде Ресей-Қазақстан бірлескен демаркациялық комиссиясының 100-ші отырысы өтті. Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау бойынша жұмыстар 86,7%-ке орындалғаны хабарланды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 2020 жылы Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелеріне демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобалары бекітілгенін хабарлады.

Биыл шекара маңындағы аумақта "2016" әскери бөлімінің шекара қызметі жаңа қоршаулар салу жұмысын бастады.

"2013 жылдың мамырында орнатылған №23 және №24 шекара белгілері арасындағы металл қоршаулар РФ аумағына қарай 10-70 метр аралықта орналасқан", - деп түсіндірді Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өкілдері.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлеуметтік желілерде Атырау облысында қандай да бір "акция" өткізіліп жатқаны туралы хабарды жоққа шығарды.