Министр Ғани Бейсембаев оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында мектептерде рұқсаты бар күзетпен қамту шаралары қолға алынып жатқандығын мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында республикадағы мектептерде рұқсаты бар күзет агенттіктерімен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылына дайындық туралы айтып берді, деп жазады stan.kz.
Министр Ғани Бейсембаев оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында мектептерде рұқсаты бар күзетпен қамту шаралары қолға алынып жатқандығын мәлімдеді.
"Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша келесі жұмыстар жүргізілді. Алдымен мектептерді ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу. Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес бұл көрсеткіш 12 тамызда 83% болды. Егер жыл басында 1 673 мектеп қосылған болса, қазір бұл көрсеткіш 3 103 мектепке артып отыр. Алайда Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктері бұл жұмысты баяу жүргізіп жатыр. Сондықтан аталған өңірлер өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес жедел басқару орталықтарына қосылу бойынша жұмысты 25 тамызға дейін аяқтауы қажет", - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ министр мектептердегі күзет мәселесін қозғады. 84% лицензияланған күзет агенттіктерімен келісім жасалғанын хабарлады. Десе де кей өңірде білім ошақтарына күзет қою мәселесі әлі де баяу.
"Дегенмен Түркістан және Алматы облыстарының бұл бағыттағы жұмысы баяу екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар дабыл түймелерін мектептердің 89%-ы орнатты. Егер жыл басында дабыл түймелері бар 1 789 мектеп болса, бүгінгі күні 1,9 есе (3 327 мектеп) өскенін атап өткім келеді",- деді оқу-ағарту министрі баяндамасында.
Оның айтуынша, Түркістан облысы, Ақтөбе және БҚО әкімдіктері аталған мәселені жүйелі түрде қатаң бақылауда ұстауы қажет.