Рүстем Әбдірашевтің Іңкәр, Әбілқайыр, Сәруар есімді балалары бар.
ERNUR.KZ. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің кенже ұлы оқыс жағдайда қайтыс болды, деп жазады Tengrinews.kz.
"Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашевке және оның отбасына ұлы Ақназардың оқыс жағдайда қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Періштенің жаны пейіште шалқысын", - делінген "Қазақфильм" киностудиясының Facebook желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Рүстем Әбдірашев 1970 жылы дүниеге келген, ол - қазақтың белгілі ақыны Жарасқан Әбдірашевтың ұлы. Оның Іңкәр, Әбілқайыр, Сәруар есімді балалары бар.
Әбдірашев Гоголь атындағы Алматы көркем сурет училищесін суретші-декоратор мамандығы бойынша, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының театрдекорация факультетін кинорежиссер мамандығы бойынша және Қазақ мемлекеттік заң академиясының заң факультетін (2002) құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген.
Рүстем Әбдірашев осыған дейін 10-ға жуық фильмге режиссерлік еткен. Оның ішінде: "Елбасы жолы. Менің балалық шағымның аспаны", "Елбасы жолы. Теміртау", "Елбасы жолы. От-өзен", "Елбасы жолы. Тығырықтан жол тапқан", "Қазақ хандығы. Алмас қылыш" және "Қазақ хандығы", 1-маусым, 10 серия (Көпсериалды тарихи сериал)".
"Балалық шағымның аспаны" - 2011 жылы режиссер Рүстем Әбдірашевтің Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және жастық шағы жайында түсірген көркемфильмі, көпсериялы "Көшбасшы жолы" киноэпопеясының бірінші бөлімі.