Сәбиін пакетке орап көшеге тастаған әйел табылды

0
1 505

Нәрестені Қызылорда қаласындағы сәбилер үйіне өткізу мақсатында құжаттар дайындалып жатыр.


Сәбиін пакетке орап көшеге тастаған әйел табылды

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында полиэтилен пакетіне оралып, көшеге тасталған нәрестенің анасы табылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігімен (сәбиді қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

«Аталмыш оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті азаматша ұсталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды», - деп мәлім етті Полиция департаментінен.

Еске сала кетейік, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде пакетке оралған шақалақ табылған болатын. Кіндігі кесілмеген сәби дереу ауруханаға жеткізілді. Аудандық аурухананың бас дәрігер орынбасары Бақытгүл Алишеваның айтуынша, алынған анализдер бойынша нәрестенің денсаулығы қалыпты, салмағы - 2 келі 700 грамм. Оны Қызылорда қаласындағы сәбилер үйіне өткізу мақсатында құжаттар дайындалуда.