​Сағадиев хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбеген мұғалімдерді жақтады

0
2 619

Білім күні Түркістан облысының Фирдоуси ауылында келеңсіз жағдай болды.


​Сағадиев хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбеген мұғалімдерді жақтады

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оңтүстіктегі ауылдардың бірінде мектепке хиджабпен келген оқушыларға қатысты шуға түсініктеме берді, деп жазады sputniknews.kz.

Білім күні Түркістан облысының Фирдоуси ауылында келеңсіз жағдай болды. Хиджаб киген оқушы қыздарды мұғалімдер мектепке кіргізбей, кері қайтарған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқушы қыздардың басқа ұлт өкілі екенін аңғаруға болады. Бүгін үкімет кулуарында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдегендей, аталған елді мекенге арнайы комиссия жіберілген.

"Заң бойынша діни киіммен мектепке баруға болмайды. Біз ол жаққа (Түркістан облысы, Фирдоуси ауылы – ред. ескертп.) арнайы комиссия жібердік. Оқушылардың ата-анасымен әңгіме жүргізіп, бір шешімге келуіміз керек", - деді Сағадиев үкімет кулуарында.

Министрдің айтуынша, діни киіммен мектепке келген оқушылардың мәселесі шешімін табуы тиіс.

"Ол жерде уәкілетті органдар, әкімдік өкілдері бар және біз барлығымыз бірыңғай комиссия құрып, осы мәселені шешуіміз керек. Менің тапсырмам бойынша орамал таққан оқушылар мектепке кірмейді. Мұндай жағдай Ақтөбеде де болған", - деп қорытындылады ол.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылы қарсаңында ведомствоның хиджаб киетін оқушыларға қатысты позициясын тағы бір мәрте еске салған еді.

"Мектептерде хиджабқа тыйым салынған. Біздің позициямыз өзгерген жоқ", - деген болатын министр.