Сайлауға түсетін кандидаттар теледебаты үшін «Хабар» арнасы 41 млн теңге алады

0
1 328

Соңғы рет президенттік сайлауға үміткерлер арасында теледебат 2005 жылғы сайлау кезінде ұйымдастырылған. Осы жолы теледебатты өткізуді «Хабар» арнасы өз мойындарына алған.


Сайлауға түсетін кандидаттар теледебаты үшін «Хабар» арнасы 41 млн теңге алады

ERNUR.KZ. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 29 мамырда «Хабар» арнасында алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысатын кандидаттар арасында теледебат өтетінін хабарлады, деп жазады baq.kz.

Соңғы рет президенттік сайлауға үміткерлер арасында теледебат 2005 жылғы сайлау кезінде ұйымдастырылған. Осы жолы теледебатты өткізуді «Хабар» арнасы өз мойындарына алған. Сол үшін «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамына Орталық сайлау комиссиясы 41 миллион теңге төлемек.

«Телевизиялық туынды, оның ішінде дебат, пікір-талас өте көп шығынды қажет етеді. Біз теледебат үшін жеке үлкен декорацияны пайдаланбақпыз. LED-экран қоюды жоспарлап отырмыз, заманауи сандық технология да болады. Оның бәрі көрермендер үшін жасалады. Теледидар алдында дебатты тамашалауға жиналғандар сапалы әрі қызықты контентке куә болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, әлемнің барлық елінде дебаттар телевизиялық шоу түрінде ұйымдастырылып жүр. Шоудың қызықты өтуі, тек қатысушылардың сөздеріне байланысты емес. Бұл жерде телекартинка да маңызды. Жалпы алғанда, визуалдық тұрғыдан бәрі жоғары деңгейде болуы үшін қолдан келгенді жасаймыз», - деді «Хабар» агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.

Айта кетейік, теледебат 3 раундтан тұрады. Бірінші раундтың тақырыбы – Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары».

Екінші раунд – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» деп аталады.

Үшінші раундтың тақырыбы – «Сайлаушыларға арнау». Онда қатысушылар тікелей сайлаушыларына арнап сөз сөйлейді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев теледебатқа қатыса алмауы мүмкін екенін хабарлағанбыз.