«Самұрық-Қазына» қорының Şekerbank-тегі 38 млн доллары бұғаттан босатылды

0
824

Нью-Йорк соты істі қазақстандық қордың пайдасына қарай шешкен.


«Самұрық-Қазына» қорының Şekerbank-тегі 38 млн доллары бұғаттан босатылды

ERNUR.KZ. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құқықтық сүймелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Кравченко бүгін өткен онлайн-брифингте журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Қордың Түркия Республикасының Şekerbank банкіндегі акцияларына қатысты даулы мәселесіне қатысты тың ақпарат берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Андрей Кравченко бірнеше жыл бойы Қазақстанның активтерінің Түркия елінде қалып қою қаупі болғанын айтты.

«Тамыз айында екі сот ісі бойынша біздің пайдамызға түсетін шешім шықты. Біріншісі - Түркияның Şekerbank банкінде бұғатта тұрған біздің қорымызға тиесілі 38 млн доллар туралы. Осы жылдың 5 маусымында акцияларға салынған арест шешілді. Ал 6 тамыз күні біз Нью-Йорк округтік сотының шешімін алдық, сот біздің қордың пайдасына қарай шешім қабылдады. Арыз беруші адам негізсіз түрде бізден 20 млн доллар талап еткен», - дейді Кравченко.

Сондай-ақ, ол Қор акцияларына не себепті бұғат қойылғанын түсіндірді.

«Жалпы, бұл жағдайды былай түсіндіруге болады, біз Қазақстан Республикасына қарсы түрік бизнесмендерінің бірі жүргізген сот ісінің құрбаны болып қалдық. Ол жалпы елімізге қатысты бірнеше шағым жасаған. Бірақ Үкіметтен қандай да бір төлем алу үшін ол мемлекеттік қорға тиесілі Şekerbank банкіндегі акцияларға арест қойғызды. Бірақ Қазақстан Республикасы өзінің міндеттемелерін орындаған. Бірқатар келіссөздер мен бірнеше сот отырысынан кейін акцияларымыз арестен шығарылды», - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, сот ісі 2018 жылдың желтоқсанында басталған.