«Санақ бітті, бірақ мені тіркеген жоқ»: Желідегі жазбаларға жауап берілді

0
673

Ведомствоның баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде пайда болған: «санақ бітті, бірақ мені тіркеген жоқ ...» деген негативті пікірлерге қатысты жауап берді.


«Санақ бітті, бірақ мені тіркеген жоқ»: Желідегі жазбаларға жауап берілді

ERNUR.KZ. «Санақ бітті, бірақ мені тіркеген жоқ...». ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Алматы қаласы бойынша статистика департаменті әлеуметтік желілердегі пікірлерге жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ведомствоның баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде пайда болған: «санақ бітті, бірақ мені тіркеген жоқ ...» деген негативті пікірлерге қатысты жауап берді.

«30 күн бойы 2287 санақ сұхбатшылары күн сайын қатаң белгіленген әдістеме бойынша өз учаскелерін аралады, мүмкін сұхбатшылар келгенде сіз үйде болмаған шығарсыз. Көптеген пәтер иелері санақ қызметкерлеріне есіктерін ашпады, олар бір пәтерге бірнеше рет келуге мәжбүр болды.

Қазіргі таңда санақтан уақытылы өтпеген тұрғындардың басым бөлігі белсенділік танытып, азаматтық борышын өтеп, өз бетінше өтіп жатыр, өйткені, www.sanaq.gov.kz сайты бақылау кезеңінің соңына дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, санақтан өте алмаған тұрғындар Egov электронды үкімет порталындағы сілтеме бойынша және «Айту» мобильдік қосымшасын пайдаланып өте алады.

Кейбір тұрғындар колл-центрге қоңырау шалып, өз үйіне сұхбатшыларды шақырады. Статистика департаменті қала тұрғындарына әрдайым көмектесуге дайын, санақшылар дереу сол мекенжайларға барады. Осыған орай, жаңадан шыққан хейтерлер пікір жазумен уақыт жоғалтпай, санақ сайтын көріп шығуға немесе жай ғана сұхбатшы-санақшыны үйіне шақыруды ұсынамыз»,- деп мәлім етті статистика департаментінен.

Айта кетейік, Қазақстанда бастапқы статистикалық деректерді, оның ішінде халық санағы кезінде мәліметтерді ұсынбағаны үшін жауапкершілік көзделген.

«Бұл әлемдік тәжірибе. Қазақстан Республикасында бұл норма «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 497-бабында жазылған»,- деді ведомстводан.

1 қарашадағы жағдай бойынша, халық санағы 19 450 179 адамды немесе Республика халқының 100,2% қамтыды (1 тамызда халықтың саны 19 029 507 адамды құрады).

«Алматы бойынша 652 195 адам онлайн және 1 559 023 адам офлайн форматтарда санақтан өтіп, 110,3 пайызды құрады. Естеріңізге сала кетейік, халық санағы 2020 жылғы Дүниежүзілік халық және тұрғын үй қорының аясында өткізілуде. 2021 жылы Қазақстанмен қатар тағы 60 мемлекет халық санағын өткізді»,- делінген хабарламада.

Ұлттық халық санағы аясында 8 қарашаға дейін үйлерді аралау жүргізіледі.